Биыл ардагер Қайыр ата Хасенов 100 жасқа толады. Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіске елеулі үлес қосқан қариямен мереке қарсаңында тілдесудің сәті түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайыр Хасенов Кеңес әскерінің қатарына шақырылғанда небәрі 17 жастағы бозбала болған. Ардагер 1925 жылы 9 қарашада Павлодар облысының Жасқайрат ауылында дүние есігін ашқан. Өміріндегі түрлі кезеңдерге қарамастан бүгінде ардагер кіндік қаны тамған Баянауылда тұрып жатыр.
.jpeg)
Ардагердің айтуынша, соғыс басталған уақытта ол небәрі 9-сынып оқушысы болған. Арада бір жыл өткен соң Кеңес әскерінің қатарында соғысқа аттанады.
Мектептегі каникул кезінде ол шөп шауып, егіс бригадасында есептеуші болып жұмыс істеп, сүт өнімдерін тасыған. Соғыс басталған соң барлық ер мұғалімдер майданға жіберіліп, ал сауатты жастарды бастауыш сынып оқушыларын оқытуға бағыттайды.

Алайда 1943 жылы қаңтарда Қайыр Хасенов Красноярскте алты айлық дайындықтан өткен соң майдандағы әскер қатарын толықтыруға мәжбүр болды.
Хасенов 204-ші гвардиялық дивизия құрамына алынып, Украинаны азат етуге қатысады. Бірақ Житомир үшін кескілескен шайқаста жараланып, Горький қаласындағы госпитальға жатқызылады. Ол жерден сауығып шыққан соң Забайкальедегі майданда – қарсы барлау бөлімінің 5-ші танк корпусында қызмет етеді. 1945 жылы Маньчжурия операциясына қатысып, Жапонияның Мукден және Харбин қалаларын босатуға қатысады.
Соғыстан 1946 жылы мамырда оралады. Ардагер жас ұрпақты оқыту үшін майдандағы барлық ұстаздарды қайтару туралы жарлық шығуына байланысты елге қайтарылған.
.jpeg)
Ардагердің қарындасы Дамеля Хасенқызы ағасы туралы ақпарат пен естеліктерді ол қойын кітапшасында көзінің қарашығындай сақтап келеді. Атаның өмірінің әрбір кезеңі туралы мәліметтерді маржандай әріптермен ұқыптап жазған. Майдангер туралы газетке шыққан мақалаларды да ұқыптап қиып, естелік фотоларын және құттықтауларын жеке папкаларға сақтап қойған.
Біздің жас айырмашылығымыз – 20 жас. Бірақ ол майданнан келе сала бірден мектепке жұмысқа орналасқанын айтқаны есімде. Ол жерде бірнеше жыл бойы жұмыс істеген. Кейіннен 1950 жылы оны Қашыр (қазіргі Тереңкөл – ред.) аудандық партиясына жұмыс істеуге жіберген. Ал 1952 жылы ағам Павлодар облкомында нұсқаушы болып қызмет етті, - деп естелігімен бөлісті Дамеля Хасенқызы.
Қайыр ата Хасеновке 1955 жылы Жоғары партия мектебіне оқуға жолдама берілген. Ол жерді 1959 жылы тәмамдайды. Ардагердің алдында Алматыда қалу немесе Баянауылға қайта оралу туралы таңдау тұрғанда ол әкесінің кеңесімен туған өлкесіне келеді. Осылайша, Баянауыл совхозы парткомының хатшысы ретінде жұмысын бастайды.
.jpeg)
Қайыр Хасенов еңбек жолында біртіндеп, маңдай тері мен қажырлы еңбегінің арқасында көтеріледі. Бастаған істі соңына дейін жеткізетін мінезінің арқасында жас буынға білгенін үйреткен.
40 жылдан астам мемлекеттік қызметте еңбек еткен соң 1986 жылы зейнет демалысына шығады.
Саналы ғұмырының бәрін еңбек етумен өткізіп келе жатқан ардагер зейнетке шыққан соң да қарап отырмайды. Зейнеткер бола отырып, үш жылдан астам уақытын азаматтық қорғаныс саласына арнайды. Аудандағы штаб басшысы болып қызмет етеді.
.jpeg)
Бүгінде Қайыр ата Хасенов 5 баласынан 13 немере, 16 шөбере сүйіп отырған бақытты жан.
Балалардың бәрі жан-жақта. Бір немерем – Шығыс Қазақстан облысында, бір немерем – Алматыда, енді бірі – Бельгияда, біреуі – Италияда. Немерелерімнің бірі Батыр Хасенов "Астана Операда" жұмыс істейді, контрабаста ойнайды. Отбасымызда музыканттар да, инженерлер де бар, - деп ағынан жарылды ақсақалдың қарындасы Дамеля Хасенова.
Бүгінде жапырағын жайған алып бәйтерекке айналған әулетке айналған Хасеновтер отбасы жыл сайын 9 мамырды асыға күтеді. Ешкімді арнайы шақырмаса да, қой сойып, ет асып, дастархандары жаюлы.

Қайыр Хасеновтей ердің ерлігі – ұрпаққа қашан да үлгі. Оның ғасырға ұласқан тарихы – бейбітшіліктің құны мен Жеңіс үшін жан қиған бабалардың жанды естелігі.