Үкіметтің уәдесі таусылар емес. Депутат азық-түлік бағасы халықты «буындырып» баратынын айтты

4 Қыркүйек 2022, 19:41
1478
Бөлісу:
Үкіметтің уәдесі таусылар емес. Депутат азық-түлік бағасы халықты «буындырып» баратынын айтты

Депутат Жанарбек Әшімжан қымбатшылық халықты қысып баратынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Үкіметтің статистикасы мен базар нарқы сәйкес келмей тұр… Апта сайын асқынып бара жатқан қымбатшылық ел-халықты буындырып барады. Электронды поштаға, әлеуметтік желі арқылы күн сайын сайлаушылардан жүздеген хат түседі. Елдің бірінші талап-тілегі - бағаны ауыздықтау, - деп жазды ол.

Ол базардағы бағаны бақылап келгенін айтты. 

Өзімнің жеке жұмыс кестеме байланысты кезекті рет базар нарқын бақылап қайттым. Ел Президентінің барлық салада бағаны тұрақтандыруға қатысты Үкіметке жүктеген тапсырмасы нәтижесіз. Әл-әзір Елорда жұртының көңіл кардиограммасын өңірлердің Астанадағы ауылшаруашылығы жәрмеңкесі реттеп тұрған секілді. Күнделікті тұтынатын азық-түлік, жеміс-жидек бағасы осы жәрмеңкеде ғана қалыпты, - деді Әшімжан.

Ал жабық кешендердегі әмбебап базарлардың құны мүлде бөлек.

Күнделікті тұтынатын тұрмыстық қажетті өтейтін тауарлар құны тіпті аспандап тұр…Өкініштісі - елімізде азық-түлік бағасын алдын ала болжайтын бірде-бір ұйым жоқ екен. Өткен аптада Түркістан облысы, осы аптада Жамбыл облысы, алдағы апта Қызылорда облысы, одан кейінгі кезекте Алматы облысының жәрмеңкесі кезек күтіп тұр. Апталық жәрмеңке қарашаның ортасына дейін жоспарлануда. Ал, жәрмеңке біткен соң не болмақ?, - деді депутат.

Ол экономистің бағаны бақылауда ұстап тұру мүмкін емес деп айтқанын келтіре кетті.

Белгілі экономист-сарапшы Мақсат Халық "Нарықтық экономикада бағаны бақылауда ұстап тұру мүмкін емес. Бірақ, әлемде нарықтық экономикасы толық қалыптасқан мемлекеттер бар. Ол елдерде ешқандай бақылаудың да, реттеудің де қажеті жоқ. Ал нарықтық экономикасы толық қалыптаспаған, нарық заңдары әлі толық орындалмайтын Қазақстан секілді мемлекеттерде баға нақты сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде қалыптаспайды. Бізде бағаға ықпал ететін факторлар өте көп. Кейде монополиялық компанияның, ал кейде олигополиялық, яғни бірнеше компанияның келісімі арқылы баға бекиді. Міне, мұндай жағдайда мемлекет тарапынан бақылау болуы керек деп есептеймін" деген уәж айтады. Қалай десек те, әлеуметтің үйдегі көңілін базардағы нарық алаңсыз бұзып тұр. Үкіметтің уәдесі таусылар емес, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы