Үкімет жаңа инвестициялық саясат тұжырымдамасын бекітті

23 Маусым 2022, 10:25
1462
Бөлісу:
Үкімет жаңа инвестициялық саясат тұжырымдамасын бекітті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Үкімет отырысында еліміздің 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясаты тұжырымдамасы бекітілді. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат ел экономикасына тартылатын инвестициялардың өсуіне   айтарлықтай ықпал ететін болады. Жалпы, біз инвестициялар өсімінің  пандемияға дейінгі деңгейіне жеттік. Биыл 5 айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2,5%-ға өсіп, 4,1 трлн теңгені құрады, - деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар ол аймақтардағы инвестицияға тоқталды.

Өңірлер арасында биыл Ақмола облысы, Шымкент және Алматы қалалары негізгі капиталға салынған   инвестициялар өсімінің жоғары қарқынын көрсетіп отыр. Ал, Түркістан және Қарағанды облыстарында бұл көрсеткіш  айтарлықтай төмендеп кеткен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша   Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 38%-ға өсіп, шамамен 24 млрд долларды құрады, - деді Әлихан Смайылов. 

Ал салалар бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың ең көп өсімі өнеркәсіпте, саудада, қаржы және сақтандыру қызметінде, көлік пен құрылыста тіркеліп отыр. 

Қазақстан – тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды ел және бұл жағынан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр. Қазіргі жағдайда біз осы позицияны нықтай түсіп,   шетелдік инвестициялар үшін күресте белсенді қимылдауымыз керек   және инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасауымыз қажет. Сондай-ақ экономиканың шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру көздерін кеңейту керек. Бүгін ұсынылып отырған Инвестициялық саясат тұжырымдамасы экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклдің бастауы болуы тиіс, - дейді Премьер-министр.

Белгілі болғандай, тұжырымдамада 2026 жылы негізгі капиталға инвестициялар деңгейін ішкі жалпы өнімнің 25,1%-на дейін жеткізуді және тікелей шетелдік инвестициялар көлемін 25,5 млрд долларға дейін ұлғайтуды көздейтін ауқымды мақсатты индикаторлар белгіленген.

Мемлекеттік инвестициялық саясат   сапалы шетелдік   және ішкі инвестицияларды тартуға,   экономикалық белсенділікті арттыруға   және халықтың табысын ұлғайтуға,   оның ішінде  жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталатын болады. Тұжырымдаманы бекіту үшін дауыс беруді ұсынамын, - деді Үкімет басшысы. 

Үкімет мүшелері тұжырымдаманы қолдап дауыс берді.

Өзгелердің жаңалығы