Үкімет қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды

25 Қыркүйек 2024, 08:00
882
Бөлісу:
Үкімет қаулысымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мемлекеттік қорғауға алынды
Фото: primeminister.kz

"Әзірет Сұлтан" мұражай-қорығы енді мемлекеттік қорғауда болады. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі тарихи ескерткіш – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қазақстандық нысан және ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады.

Оның маңыздылығы мен тарихи-мәдени құндылығын ескере отырып, сондай-ақ оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығын мемлекеттік қорғауға жататын объектілер тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдады.

Нысанның қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді.

Кесене Түркістан қаласында түркі ақыны және сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауи жерленген орында тұрғызылған.

Кесене сегіз бөлмеден тұрады. Олар Тайқазан тұрған ортадағы ең үлкен залды айнала орналасқан. 1385-1405 жылдар аралығында кесененің төңірегіне қосалқы ғимараттар салынған. Бүгінде мұражай-қорық аумағына мешіт, Үлкен және Кіші Ақсарай залдары, кітапхана және шаруашылық кешені: құдық, асхана, тұрғынжайлар (хұжралар) және т.б. кіреді.

Өзгелердің жаңалығы