Үкімет қаржыландыратын телеарналар рейтинг мәселесін алға тартпауы керек – әнші

20 Сәуір 2021, 19:45
2390
Бөлісу:
Үкімет қаржыландыратын телеарналар рейтинг мәселесін алға тартпауы керек – әнші

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әнші, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева «Желмая» жобасындағы сұхбатында бұқаралық ақпарат құралдарының халықты тәрбиелеудегі рөлі жайлы айтты.

Оның айтуынша, қоғамның музыкаға деген талғамы оны насихаттайтын ақпарат құралдарының жұмысына қарай қалыптасады.
Егер ақпарат құралдарында жоғары деңгейдегі дұрыс музыка насихатталса, халықтың да талғамы өседі. Ал той әндерімен күні бойы халықты тәрбиелей берсек, деңгейіміз сол қалыпта қалады. Талғамы жоғары адамдар да бар, олар той әндерін тыңдамайды, - дейді әнші.
Роза Рымбаева қазір көптеген мемлекеттік телеарна рейтинг мәселесін сылтауратып, халыққа арзан дүниелерді ұсынып отыр деген ойда.
Қазір рейтинг деген нәрсе бар. Содан «Қалаулым» сияқты арзан дүниелер шығып жатыр. Жоғары жақта қандай жоба мақұлданса, сол іске асады. Теледидар хабарлары, біріншіден, халықтың дүниесі, яғни халықтың ақшасына жасалады. Неліктен олар жеңіл, арзан жобаларға жұмсалуы керек? Бюджеттен ақша бөлініп отырған ақпарат құралдарына рейтинг деген нәрсенің қатысы болмауы керек. Үкімет ақша төлеп, халықты тәрбиелеу, руханиятын, интеллектін көтеру бойынша тапсырма берілген соң, ол орындалуы қажет. Ол жерде ешқандай рейтинг, коммерция, тағы басқасы туралы сөз болмауы керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл - қылмыс, - дейді ол.
Сонымен қатар әнші бүгінгі біздің мәдениетіміз, деңгейіміздің барлығы басқарып отырған адамдарға байланысты екенін айтты.
Ол кісілер біздің өмірімізді егжей-тегжейлі білуі керек. Халықта не болып жатыр, қандай мәселе алаңдатады, қандай кемшіліктер бар дегендей... Егер олар оны білмесе, ақпарат құралдарында «Қалаулым» сияқты арзан дүниелер көрсетіле береді, - деді Рымбаева.
Сонымен қатар ол пандемия кезінде тойға шықпай қалдым деп еш қапаланбайтынын айтты.
Мен ешқашан той әншісі болған емеспін. Кейбір әнші әнді тек тойға арнап шығарады ғой, мен ондай емеспін. Өзімнің концерттік өмірім бар. Александр Беляковтың басшылығымен әкімдіктің эстрада-симфониялық оркестрінің әншісімін. Айлығым жүріп жатыр, оған қоса зейнетақым бар, айына 87 мың теңге аламын, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы