Үкімет басшысы МӘМС-ті сынаған Аймағамбетовке жауап берді

18 Мамыр 2023, 14:39
3942
Бөлісу:
Үкімет басшысы МӘМС-ті сынаған Аймағамбетовке жауап берді
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Премьер-министр Әлихан Смайылов депутаттық сауалға жауап беріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты мәселеге тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов медициналық сақтандыру жүйесін сынап, Үкімет басшысына сауал жолдаған еді. Мәселеге қатысты Әлихан Смайылов жауап берді.

Сіз көтерген проблемалық мәселелер Үкімет пен уәкілетті органның бастамасы бойынша анықталды. Қазіргі уақытта МӘМС жүйесін жетілдіру бойынша шаралар қабылданып жатыр, - деп сендірді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстанда медициналық көмекті үздіксіз көрсетуге бағытталған қажеттілік болжамы негізінде медициналық көмек көлемін алдын ала бөлу моделі қолданылады.

Қолданылатын тәсіл медициналық қызметтер көлемінің негізделген артуын ескермейтіндіктен, бұл медициналық көмекті күту мерзімінің ұлғаюына әкеледі. Бұдан басқа, қазіргі кезде шектеулі бюджет жағдайында медициналық қызметтерді асыра тұтыну байқалады. Осыған байланысты, қазір Е-Денсаулық бірыңғай ақпараттықтехнологиялық платформасы аясында денсаулық сақтау жүйесін толық цифрландыру, оның ішінде медициналық көмекті жоспарлау, сатып алу, мониторингілеу және төлеу процестерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізуде, оның нәтижесі бойынша МӘМС қаржыландыру жүйесі жетілдірілетін болады, - дейді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ Премьер-министр МӘМС жарнасын төлемеу мерзімін өзгерту мәселесіне де тоқталды.

Жарнаны төлемеу мерзімін 3 айдан артық ұлғайту мен сақтандыру мәртебесін айқындау төлеушіні жарнаны төлеуден босатпайды, сондықтан бұл мәселені шешпейді. Бұдан бөлек жарнаны төлемеу мерзімін ұлғайту қарызды көбейтіп, төлеушінің қаржылық ауыртпалығын күшейтеді. Ұзақ еңбек демалысына кететін қызметкерлердің жарнаны төлемеудің объективті себептерін ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрліктері ұзақ мерзімді демалыс беру кезінде жарналарды ай сайын төлеу мәселесін қарастырып жатыр, - деп жауап берді ол.

Өзгелердің жаңалығы