Үкімет басшысы Әлихан Смайылов жалпы ел экономикасының орнығып келе жатқанын айтты. Айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда экономика 4,3 пайызға өсті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьердің дерегінше, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі – 2,5 пайызға, құрылыс – шамамен 13 пайызға, ауыл шаруашылығы – 4 пайызға және қызмет көрсету саласы – 5 пайызға өсті.
Машина жасау саласында – 31 пайызға, оның ішінде автомобиль жасауда – 46 пайызға, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 34 пайызға оң серпін байқалып отыр. Сондай-ақ, фармацевтика шамамен – 17 пайызға, химия өнеркәсібі – 3,5 пайызға, жеңіл өнеркәсіп – 34 пайызға өсті, - деп мәлімдеді Үкімет басшысы.
Смайылов қаңтар-ақпан айларының қорытындысына сай барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Абай, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында өсім бар екенін айта өтті. Ал ең төмен көрсеткіштер Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау және Жетісу облыстарында тіркелген.