Үкімет 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын бекітті

10 Наурыз 2022, 10:51
1767
Бөлісу:
Үкімет 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын бекітті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты. 

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтардың әл-ауқаты мен әлеу­меттік жағдайы мемлекеттің басты назар­ында болуы керек екенін атап көрсетті. Бүгін ұсынылған Халықтың табысын арттыру бағдарламасы азаматтардың тұрмысын жақсарту  және әлеуметтік-еңбек саласында тәсілдерді жаңалау үшін әзірленді. Құжат  бірінші кезекте, халықтың нақты табысын арттыруға  және жұмыспен қамтуға бағытталып отыр. Ол жүйелі индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті дамыту арқылы  іске асырылады, - деді Премьер-министр. 

Смайылов атағандай, жаңа жұмыс орындарын өндірістік кластер құру, шағын және орта бизнес саласын қаржылай қолдау, ірі кәсіпорындар жанынан шағын кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау арқылы ұлғайту жоспарланып отыр.

Жеке үй шаруашылықтарын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, микрокредит беру ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, табысын арттыруға ықпал ететін болады.Экономиканың барлық саласында жұмыспен қамтуға және жұмысшы жастарды қолдауға басымдық беріледі. Оқу бітіретін түлектерді жұмысқа орналастыру үшін университеттер жанынан Карьерлік орталықтар құрылады, ал бос жүрген жастарды жұмысқа тарту нақты шаралар арқылы іске асырылады.Сонымен қатар бюджет қызметкерлерінің, соның ішінде дәрігерлер мен кіші медициналық персоналдың, педагогтердің жалақысын арттыру көзделген, - деді ол.

Үкімет басшысы бұған қоса еңбек табысының айырмашылығын қысқартуға және халықтың сатып алу қабілетін арттыруға көңіл бөлінетінін айтты.

Қазіргідей экономикалық жағдайда бұл – күрделі мәселе, алайда оны шешу үшін белсенді жұмыс істеуіміз керек. Азаматтардың табысын арттыру мәселесі бір құжатпен ғана шектеліп қалмайды. Қорыта келгенде Ұлттық даму жоспары да, ұлттық жобалар да,  жалпы Үкіметтің бағдарламалық құжаттарының бәрі де халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы