Үкімет 2024 жылдан бастап заңды қазақша жазады – депутат

31 Қазан 2023, 17:51
2004
Бөлісу:
Үкімет 2024 жылдан бастап заңды қазақша жазады – депутат
Фото: BAQ.KZ - архив

Мәжілісте депутат Абзал Құспан 2024 жылдан бастап Үкімет заңды қазақша жазатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәжілісмен Абзал Құспан Қазақстанда заңдар орысша жазылып, қазақ тіліне аударылатынын сауалдарында бірнеше рет көтерген.

Бүгін Мәжіліс комитетінде отырысты жүргізген депутат Үнзила Шапаққызы бұл мәселе бойынша Үкіметке сауал жолдады. Бәріміз қолдадық. Содан кейін Үкіметтің атынан вице-премьердің қолы қойылған қағаз келді. Онда «2024 жылдан бастап заңдар қазақ тілінде дайындалады» деп жазылған. Алайда қазір вице-премьер Алтай Көлгінов қызметінен кетті. Алайда ол кеткенмен Үкімет орнында ғой. Сондықтан олардың уәделеріне сеніп отырмыз. Мысалы, мен 2 заң жобасын дайындап жатырмын. Оның аттарын айта алмаймын. Бірақ оларды қазақ тілінде дайындап жатырмын. Заң шығару бастамасы депутаттардың да қолында бар. Бірақ бізде негізінен Үкімет (заңды – ред.) дайындайды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап көреміз. Осы мәселеге қайта ораламыз, - деп айтты Абзал Құспан.

Депутат хатта заңдар 2024 жылдан бастап мемлекеттік тілде жазылады деп көрсетілгенін айтты.

Хатта Алтай Көлгіновтың қолы қойылған. Адам ауысқанмен Үкімет қол қойды ғой. Мұны Үкіметтің позициясы деп түсінеміз. Үкімет уәдесінде тұра ма, тұрмай ма? Бұл келесі жылдың еншісіндегі шаруа, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы