ҮЕҰ өкілдері үшін сенім телефоны жұмыс істейді

3 Ақпан 2022, 13:30
2826
Бөлісу:
ҮЕҰ өкілдері үшін сенім телефоны жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҮЕҰ өкілдері үшін сенім телефоны жұмыс істейді.

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық мәселелері бойынша сенім телефонының нөміріне үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де, конкурс жеңімпаздарын анықтайтын сараптама комиссиясының мүшелері де өз шағымдарын түсіре алады, деп хабарлайды Орталықтың баспасөз қызметі.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында ҮЕҰ-ға мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі конкурстық комиссияның құрамындағы сарапшылардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге арналған онлайн-кездесу өтті.

Іс-шараға сарапшылар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өкілдері қатысты.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Лима Диастың айтуынша, Орталық ҮЕҰ-ға мемлекеттік гранттар ұсыну конкурсының жеңімпаздарын анықтайтын сараптамалық комиссия мүшелерінің құзыретін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөледі.

Біз сараптамалық комиссия мүшелерінің жұмысы жауапкершілікті, арнайы білім мен дағдыларды талап ететінін түсінеміз. Сонымен қатар, биыл байқау комиссиясының құрамына алғаш кірген сарапшылар да бар. Олардың құзыреттілігін арттыру мақсатында жыл бойы біз тренингтерді, семинарларды өткізіп, ҮЕҰ-ның өтінімдерін бағалау рәсімдерін түсіндіретін боламыз, - деп атап өтті Орталықтың төрайымы.

Сондай-ақ, Лима Диастың мәліметтеріне сүйенсек, үкіметтік емес ұйымдардың өтінімдерін қарау кезінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеу мақсатында Орталықта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплеанс-қызметтің жұмысы жандандырылған.

Бүгін біз орталықтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплеанс-қызметінің жұмысын күшейтудеміз. Бізде сенім телефоны жұмыс істейді. 8 771 348 83 84 нөмірі арқылы өтініштер мен шағымдарды сараптама комиссиясының мүшелері де, өтініш берушілер де жібере алады. ҮЕҰ өкілдері өз құқықтары бұзылған жағдайда сараптама комиссиясына шағымданса, сарапшылар өтініш берушіге өздеріне қысым жасағаны үшін бізге хабарласа алады. Барлық қоңыраулар жасырын түрде қабылданады, - деді ол.

Еске салайық, өткен аптада Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында ҮЕҰ-ға мемлекеттік гранттарды ұсыну жөніндегі 2022 жылғы конкурстың сараптамалық комиссиясын құру рәсімі өткізілген болатын.

Комиссия мүшелері кездейсоқ сандар генераторын пайдалану арқылы анықталды. Оның негізгі құрамына 31, ал резервтік құрамына 25 сарапшы кірді.

Айта кету керек, 2022 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ҮЕҰ үшін 53 грант бөлінген.

Өзгелердің жаңалығы