«ҰБТ тапсырмаймын». Astana Musical жаңа маусымды қалай бастады?

4 Ақпан 2021, 11:04
1977
Бөлісу:
«ҰБТ тапсырмаймын». Astana Musical жаңа маусымды қалай бастады?
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Astana Musical» мемлекеттік театрының жаңа маусымдағы алғашқы қойылымы арманға жету жолында ар-ұят пен әдептен аттамау керегін жеткізеді. Өнерсүйер қауыммен бір жыл көріспеген театр ұжымы «ҰБТ тапсырмаймын» атты жаңа қойылымын таныстырды.

Пандемия кезінде театр әртістері шеберліктерін шыңдап, өз көрерменін жаңа премьераларымен қуантты. «ҰБТ тапсырмаймын» атты ақпан айының алғашқы премьерасында жасөспірімдердің басты проблемалары, түсініспеушілік пен ұрпақ сабақтастығы мәселелері көтерілген. Қойылым режиссері – Есләм Нұртазин. 

Оның айтуынша, кезінде қоғамда резонанс тудырған пьеса әлі де өзектілігін жоймаған.

«ҰБТ тапсырмаймын». Astana Musical жаңа маусымды қалай бастады?

Жаңа туынды белгілі драматург Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» атты шығармасына негізделген. Бұл – 80 жылдарда жазылған пьеса. Оған байланысты Эльдар Рязанов кино да түсірген. Біз бұл пьесаны бүгінгі күннің талабына, қазіргі заман түлектерінің талғамына байланысты және өзекті мәселе болғаны үшін аздаған өзгерістермен шығардық. Әр адам емтихан тапсырғанда қатты қобалжиды. Өмірдің өзі – емтихан. Қойылымда  математикадан емтихан тапсырғаннан кейінгі қобалжудың кесірінен үлкен  мақсатқа жету жолындағы жасайтын қателіктері көрсетілген. «Құны қандай болса да, мен жетем» деген сөзі бар. Арманға жетер жолда адалдықтан аттау деген мәселе қозғалады. Арманыңа қалай жетесің? Адалынан, ағынан ешкімнің ала жібін аттамай жетесің бе, әлде басқа жолмен бе? Мәселе – осы, - дейді театрдың көркемдік жетекшісі, танымал режиссер Есләм Нұртазин.
«ҰБТ тапсырмаймын». Astana Musical жаңа маусымды қалай бастады?

Режиссер қойылымның қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

«ҰБТ тапсырмаймын». Astana Musical жаңа маусымды қалай бастады?

«ҰБТ тапсырмаймын» деп неге қойды десеңіздер, бұл ҰБТ-ға қарсылықты білдірмейді. Қазір ҰБТ түлектер үшін басты емтихан болып тұр. Қойылымда түлектер ҰБТ-ға жетпейді. Өйткені олар математикадан мектепшілік емтиханды дұрыс тапсырмады, олардың жоспары, алға қойған мақсаты басқа. Кішкентай ғана бір пәннен бақылауды жаза алмағандары үлкен қателікке, қиын сәттерге алып келеді. Драманың мақсатты аудиториясы мектеп оқушылары ғана емес. Басты мәселе тек мектептегі бағаға байланысты болмайды, университеттің түлектері бар, аға буын, оқып жатқан аға-әпкелеріміз бар, барлығына байланысты. Тіпті актерлардың өзі емтихан тапсырады, режиссер ретінде мен де емтихан тапсырамын, сіздердің жазатын жұмыстарыңыз да емтиханға жатады. Сондықтан бәріміз күнделікті емтиханнан адал, таза абыроймен өтуіміз керек, - деп айтты режиссер.

Драма оқушылардың ұстаздарын туған күнімен құттықтауға келген көрініспен басталады. Бірақ олар тек құттықтау үшін келген жоқ. Бұл іс-әрекеттің артында басқа бір мақсат тұрған еді. Әрі қарай драманың қызу сюжетін әртістердің үздік ойыны одан әрі аша түскендей.

«ҰБТ тапсырмаймын». Astana Musical жаңа маусымды қалай бастады?

Күн сайын дайындық жасадық. Осы спектакльдің режиссері Есләм Нұртазин барлық дайындыққа аса жауапкершілікпен қарады. Күнделікті дайындықпен мықты шыңдалғаннан кейін рөлді алып шығу аса қиындық тудырмады. Қиын болған тұсы – кейіпкерімнің характері. Өмірдегі мінезім кейіпкерім Шыңғысқа мүлдем ұқсамайды. Айналамдағылар айтатын ақкөңіл мінезім оның мінезінен мүлдем бөлек, - дейді Шыңғыс рөлін сомадаған актер Әділет Әбдуқадыров.

Бірақ кейіпкердің айтуынша, Шыңғысты жаман деп айтуға болмайды. Шыңғыстың да өз шындығы бар. 

«ҰБТ тапсырмаймын». Astana Musical жаңа маусымды қалай бастады?

Кейбір сөзінің астарында ақиқат жатыр. Қазақтың тәлім-тәрбиесіндегі үлкенге қарсы сөйлеуге болмайды, өзіңнен үлкендерді сыйлау керек деген ұғымдар бүгінде жоғалып бара жатқандай. Бұл қойылым арқылы не көрсеткіміз келді? Біріншіден, қазір 10-11 сыныпта оқып жүрген балалар ҰБТ үшін қатты уайымдайды. ҰБТ деген ол өмірдің соңы емес. Өмір онымен тоқтамайды. Ол үшін қойылымдағыдай қатты қылмыс істерге барудың қажеті жоқ. Спектакльге келген жасөспірімдер осы спектакльді көріп бұлай жасамау керек деген ниетте қайтса екен дейміз. «Astana Musical» театр есігі көрермен үшін әрдайым ашық, - деді Әділет Әбдуқадыров.

P.S. «Astana Musical» театры бұл туынды арқылы жастарды арсыздықпен келетін арам, бұрыс іс-әрекеттерден аулақ болуға шақырады, арман мен мақсатқа жету жолында жақсы, ізгі жолдан таймауды насихаттайды. Бұл қойылымның барлық қоғам мүшелеріне берері мол. Әсіресе, 11-сынып оқушылары көрсе екен деген оймен, әртістердің жоғары деңгейдегі ойындарына тәнті болып, жақсы көңіл-күмен қайттық.

Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы