Уақыттың ауысуына адам қанша күнде бейімделеді? - Маман жауабы

1 Ақпан 2024, 13:03
2732
Бөлісу:
Уақыттың ауысуына адам қанша күнде бейімделеді? - Маман жауабы
Фото: жеке мұрағат

Биыл 1 наурыздан бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне ауысады. Астана медицина университеті
Академик Е. Д. Даленов атындағы ПМ ҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері 
Жанна Нұрберген ағзада қандай өзгеріс болатынын айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 - Бірыңғай уақыт белдеуіне ауысқанда адам ағзасында қандай өзгеріс болады?

Уақытты 1 сағатқа кейін шегерту ағза үшін айтарлықтай өзгеріс әкелмейді. Алайда егер адам уақытылы ұйықтап, дұрыс режим ұстанса, тиімді нәтижелерге қол жеткізбек. Бұл өзгеріске адам ағзасы тез бейімделе алады. Меніңше, уақыт ауысқан соң адам ағзасына 3-4 күн ғана уақыт кетеді. Яғни бірінші қадам, түнгі 23:00-де уақытылы ұйықтау керек. Одан кейін дұрыс тамақтану маңызды. Өйткені ағзаға түскен тамақ физиологияға әсер етеді. Тамақты жатар кезден бұрын 3 сағат бұрын ішіп алған жөн. Ұйқы алдында тойып тамақ жеуге болмайды, бұл елімізде көп адамда кездесетін қателік. Қатты қаласа жеміс-жидек, көкеністер жегені абзал.

 - Кейбір мамандар уақыттың өзгеруі адамның жүйкесіне әсер етеді дейді?

Уақыт белдеуі ауысады деген хабар тарағалы әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат, пікір тарап жатыр. Уақытты алға немесе артқа жылжыту адамдарды түрлі жүйке ауруларына әкеледі деушілер де бар. Ол - қате пікір.

 - Ақпанда қандай өнімдер тұтынған жөн?

Қыста ағзада энергия көп жұмсалады. Өйткені күн суықта ағзамыз температурасын қалыпты сақтап тұру үшін энергияны көп қажет етеді. Сондықтан қыста ақуызға бай өнімдерді тұтынған жөн. Әрине, бұл кезеңде біздің халықтың соғымы бар, бұл жақсы қалыптасқан үрдіс. Дегенмен ақпанда майсыз ет пен жасыл шөптен жасалған көкеністерді жиі жеген дұрыс. Онымен қоса, ішек жұмысын жақсарту үшін ашытылған қырыққабат жеуге кеңес беремін. Бұл ағзаға зат алмасуға оң септігін тигізетін өнімдер. Дүкен сөрелеріндегі газдалған сусындар мен тәтті сусындардан бас тартуға шақырамын. Жалпы дүкендегі өнімдерді рационанан алып тастау керек. Халық ақ ұннан жасалған өнімдерді жиі алып, тұтынады оны да азайту керек, одан гөрі сүт өнімдерін жиі пайдаланған дұрыс.

 - Қай айда арықтаған тиімді?

Жаз айларында арықтаған тиімді. Қыста адамдар калорияны көп тұтынады өйткені басында айтқанымдай, энергия көп керек. Кейін көктемде ағза әлсірейді сол кезде дұрыс тамақтанып, дәрумендерді қабылдауға тиіспіз. Күзде де арықтауға кеңес бермеймін, себебі ол кезде ағзаны қысқа дайындау керек. Ол кезде диета ұстамау керек. Негізі арықтаймын дейтін адам неге толып кеткенін зерттеп алғаны жөн. Кейін сол себептермен күресуге тиіс.

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы