Уәли «Қазақстан» РТРК» директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды

14 Ақпан 2022, 12:09
1309
Бөлісу:
Уәли «Қазақстан» РТРК»  директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы директорлар кеңесі мүшелерінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Қазақстан» РТРК»  директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Бұл туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының» баспасөз қызметі хабарлады. 

Берік Уәли 1977 жылы туған. Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы мамандығы бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің магистратурасын журналистика мамандығы бойынша, Қазақ инновациялық гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын «Таң» телеарнасының тілшісі болып бастап, түрлі жылдары «31 арна», «Хабар», «Qazaqstan» телеарналарының редакторы және жүргізушісі болып еңбек етті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Нұр Медиа» медиа орталығын басқарған. ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары, ОҚО Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, Жамбыл облысының Ішкі саясат басқармасының басшысы, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі,  Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі және ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2019 жылғы наурызда Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды. Сонымен қатар 2019 жылдың қыркүйек айында «ҚР Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Өзгелердің жаңалығы