ТЖМ ұшақтары шұғыл медициналық көмек қажет нәрестені ауруханаға жеткізді

13 Наурыз 2021, 19:40
1599
Бөлісу:
ТЖМ ұшақтары шұғыл медициналық көмек қажет нәрестені ауруханаға жеткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазавиақұтқару» ұшақтары шұғыл көмек қажет жаңа туған нәресте, бала және үш ересек адамды тасымалдады.

Бұл туралы ТЖМ «Қазавиақұтқару» баспасөз қызметі хабарлады.

2021 жылғы 12 наурызында Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациялық бөлімшесінің 6 әуе кемесі Павлодар, Ақтөбе, Түркістан және Алматы облыстарында медициналық эвакуация бойынша ұшуға жұмылдырылды.

Павлодар облысында Шарбақты ауданының Шарбақты ауылынан жаңа туған нәресте, Ақтоғай өңірінен қарт адам, Ақтөбе облысының Хромтау және Түркістан облысының Жетісай қалаларынан - екі ер адам, Алматы облысы Талдықорған қаласынан - бала мен әйел шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Ауруханаға жеткізілгендердің барлығына облыстық мамандандырылған медициналық мекемелерде шұғыл медициналық көмек көрсету қажет болды. Азаматтарды тасымалдау үшін Eurocopter EC-145, сондай-ақ KA-32A11BC ұшақтары пайдаланылды, - делінген хабарламада.

«Қазавиақұтқару» ұшқыштарының және жедел медициналық көмек жөніндегі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы қызметкерлерінің арқасында барлық құтқару жұмысы шұғыл және оқыс оқиғасыз жүргізілді.          

Республиканың 13 қаласында медициналық эвакуация бойынша ұшуларды, іздестіру-құтқару операцияларын орындау үшін ТЖМ авиациялық бөлімшесінің әуе кемелері кезекшілік атқарады.


Өзгелердің жаңалығы