Ақкөлде ТЖМ әскери қалашығы жаңартылып, қызметкерлердің тұрмыс жағдайы жақсаруда

ТЖМ басшысы бұл жұмыстардың жалғасатынын атап өтіп, қалашықты толыққанды, жайлы әрі үлгілі тұрғын аймаққа айналдыру көзделіп отырғанын жеткізді.

 ТЖМ баспасөз қызметі Бүгiн 2026, 03:40
Бүгiн 2026, 03:40
129
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Ақкөл қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қалашығын жаңғырту және инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Нысандардың жағдайымен ТЖМ басшысы генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов жұмыс сапары барысында танысты.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар ведомство басшысының наурыз айындағы сапарынан кейін берілген тапсырмалар аясында іске асырылуда.

Әскери қалашықта тұрғын үйлер кезең-кезеңімен жөнделіп, аула аумақтары абаттандырылып, қоғамдық кеңістіктер жаңартылуда. Сонымен қатар әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар атқарылуда.

Министрдің шешімімен қалашықтағы тұрғын үйлерге жас дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің отбасылары да қоныстандырылмақ. Бұл бастама мамандарды қолдауға және қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталған.

Аумағында балаларға арналған ашық аспан астындағы кинотеатр, спорт және ойын алаңдары, шағын сәулет нысандары мен муралдар салынған.

ТЖМ басшысы бұл жұмыстардың жалғасатынын атап өтіп, қалашықты толыққанды, жайлы әрі үлгілі тұрғын аймаққа айналдыру көзделіп отырғанын жеткізді.

Наверх