Түркі мемлекеттері ұйымы тарихи-мәдени ортақтық алаңынан шығып, технология, экономика және жасанды интеллект дәуіріне бейімделе ала ма? Бұл сұраққа түркітанушы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Бибігүл Жиембай жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммиті жасанды интеллект пен цифрлық дамуға бағытталғанымен, жиын барысында тарихи-мәдени мәселелерге де ерекше назар аударылған.
Түркі мемлекеттері ортақ цифрлық кеңістік қалыптастыруға мүдделі екенін көрсетіп отыр. Яғни Қазақстан жасанды интеллект дәуіріне тарихи-мәдени мұраларды сақтау, зерттеу, қорғау, дамыту арқылы қол жеткізеді. Тарихи-мәдени байланыстар түркі халықтарының ортақ тарихын, тілі мен мәдени құндылықтарын жаһандық деңгейде дәріптеуге жол ашады, – дейді түркітанушы.
Бибігүл Жиембай Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымындағы рөліне де тоқталды. Оның сөзінше, еліміз ұйымды тек символикалық платформа деңгейінде қалдырмай, нақты прагматикалық интеграцияға жетелей алатын мемлекеттердің бірі.
Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен бүгінгі күнге дейін ынтымақтастықтың түрлі бағыттарында бағдарламалар мен жобалар қарқынды жүзеге асырылып келеді. Еліміз аталған ұйымның құрылу бастауында тұрды және ұйымдағы саяси диалогты ұдайы ілгерілетуде. Түркі мемлекеттері ұйымы тек ортақ тарих пен мәдениетке сүйенетін гуманитарлық кеңістік емес, экономикалық, көлік-логистикалық, цифрлық және саяси байланыстарды күшейтетін құрылымға айналып келеді. Бұл үдерісте Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы аясында тек қатысушы мемлекет қана емес, ұйымның идеялық әрі институционалдық тіректерінің бірі саналады, – дейді сарапшы.
Сонымен қатар түркітанушы “Алтай – түркі өркениетінің бесігі” идеясының маңызына тоқталды. Оның пікірінше, бұл бастама тек тарихи-мәдени жоба ретінде ғана емес, жаңа гуманитарлық және өңіраралық диалог алаңы ретінде де қарастырылуы мүмкін.
Сарапшылық тұрғыдан қарағанда, «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» идеясы — ортақ тарихи-мәдени негіз арқылы гуманитарлық және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа бастама. Егер бұл концепт институционалдық, ғылыми, мәдени және экономикалық жобалармен ұштасса, ол Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ықпалдастықтың маңызды рухани-өркениеттік платформаларының біріне айналуы мүмкін. Алтай - түркі өркениетінің алтын бесігі әрі ортақ рухани кеңістіктің тарихи өзегі, – дейді ол.
Айта кетейік, Түркістанда Қасым-Жомарт Тоқаев пен түркі мемлекеттері көшбасшыларының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтіп жатыр.