Си мен Трамп келіссөзі несімен есте қалды? Қытайдағы саммиттен фоторепортаж

АҚШ пен Қытай арасындағы ең маңызды кездесулердің бірі саясатпен ғана емес, Илон Масктың ұлымен келуі, Nvidia басшысының көшеде лапша жеуі және технология алпауыттарының Бейжіңге жиналуымен де назар аудартты

Бүгiн 2026, 18:34
АВТОР
 ашық дереккөз Бүгiн 2026, 18:34
Бүгiн 2026, 18:34
156
Фото: ашық дереккөз

Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамптың Бейжіңдегі кездесуі әлем назарын өзіне аударды. Тайвань, сауда соғысы, жасанды интеллект пен Иран мәселесі талқыланған саммит тек саяси мәлімдемелермен емес, ерекше кадрларымен де есте қалды. Трамп Қытайға америкалық ірі технологиялық компаниялардың басшыларын ерте барды, Илон Маск ұлымен келсе, Nvidia жетекшісі Дженсен Хуанг Бейжің көшесінде қарапайым лапша жеп отырған видеосымен әлеуметтік желіні «жарып жіберді».

BAQ.KZ тілшісі Бейжіңдегі келіссөзден ең көп талқыланған сәттерді жинақтады.

Си мен Трамп Бейжіңде кездесті

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Бейжіңдегі Халық сарайында бірнеше сағатқа созылған келіссөз өткізді. Кездесудің негізгі тақырыптары — сауда соғысы, Тайвань, жасанды интеллект технологиялары және Иран мәселесі болды. 

Қытай тарапы америкалық президентті ең жоғары мемлекеттік деңгейде қарсы алды. Reuters мәліметінше, келіссөздер «қызыл кілем» форматында өтіп, екі ел де қарым-қатынасты тұрақтандыруға мүдделі екенін көрсетті.

Трамп делегациясында кімдер болды?

Бұл жолы Трамп Қытайға тек саясаткерлермен емес, АҚШ-тың ең ірі технологиялық корпорацияларының жетекшілерімен бірге барды.

Делегация құрамында:

* Илон Маск (Tesla, SpaceX)
* Тим Кук (Apple)
* Дженсен Хуанг (Nvidia)
* Ларри Финк (BlackRock)
* Келли Ортберг (Boeing)
* Дэвид Соломон (Goldman Sachs) сияқты ірі компания басшылары болды.

Сарапшылар мұны АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің енді тек саясат емес, технология мен AI үшін күреске айналғанының белгісі деп бағалап отыр.

Илон Маск Бейжіңге ұлымен келді

Саммиттің ең көп талқыланған кадрларының бірі — Илон Масктың Бейжіңге алты жастағы ұлы X Æ A-Xii-мен бірге келуі болды. Масктың сөзінше, ұлы қытай тілін үйреніп жүр.

People және Wall Street Journal мәліметінше, Маск ұлын Халық сарайындағы кездесуге де ертіп барған. Фото мен видеолар әлеуметтік желіде тез тарады.

Сонымен қатар Маск Қытай басшылығымен Tesla-ның автономды жүргізу технологияларын Қытай нарығына шығару мәселесін талқылағаны айтылды.

Nvidia басшысы көшеде лапша жеді

Саммит кезіндегі тағы бір вирусқа айналған сәт - Nvidia басшысы Дженсен Хуангтың Бейжің көшесінде қарапайым дәмханада лапша жеп отырған видеосы болды.

Business Insider жазуынша, Хуангтың бұл әрекеті Қытай әлеуметтік желілерінде миллиондаған қаралым жинаған. Қытайлық қолданушылар оны «қарапайым миллиардер» деп сипаттады.

Reuters мәліметінше, Дженсен Хуанг Трамп делегациясына соңғы сәтте қосылған. Тіпті ол Air Force One ұшағына Аляскадағы аялдама кезінде отырған.

AI және чиптер - келіссөздің басты тақырыбы

Бейжіңдегі келіссөздердің маңызды бөлігінің бірі - жасанды интеллект пен чип өндірісі болды.

Nvidia Қытайға H200 AI-чиптерін жеткізуге рұқсат алуға мүдделі. Reuters мәліметінше, АҚШ кейбір қытайлық компанияларға H200 чиптерін сатып алуға алдын ала рұқсат бергенімен, нақты жеткізілім әлі басталмаған. 

Ал Тим Кук Қытайдағы Apple өндірісі мен тариф мәселесін талқылаған.

Тайвань мен Иран тақырыбы жабық форматта талқыланды

Келіссөздің ең күрделі бөлігі Тайвань мәселесіне қатысты болды.

Сонымен қатар тараптар Иран төңірегіндегі шиеленісті де талқылаған. New York Post мәліметінше, Трамп Қытайдан Тегеранға ықпал ету мәселесінде көмек сұраған.

Саммит нақты нәтиже берді ме?

Әзірге Бейжіңдегі кездесуден кейін үлкен келісімдер жарияланған жоқ.

Reuters жазуынша, 2017 жылғы сапармен салыстырғанда бұл жолы нақты экономикалық келісімдер аз болды. Дегенмен Boeing ұшақтарын сатып алу бойынша ірі келісім талқыланып жатқаны айтылды.

Наверх