ТЖМ. Абай облысындағы өртті сөндіруге барлық шара қабылданып жатыр

25 Мамыр 2023, 09:24
1477
Бөлісу:
ТЖМ. Абай облысындағы өртті сөндіруге барлық шара қабылданып жатыр
Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі таңда республикалық және облыстық деңгейде жедел штабтар жұмыс істейді. Өрт орнында ТЖМ-ның атынан жетекшілік ететін вице-министр бар. Бастапқы кезеңде өртті жою үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, 434 адамнан, 109 техника, 2 әуе кемесі және 1 өрт сөндіру пойызынан тұратын азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары топтамасы құрылды, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, жедел жағдайдың нашарлауына байланысты жедел штабтың отырысы өтті, онда мемлекеттік органдарға тиісті міндеттер қойылды.

Экология министрлігіне өрт сөндіру жетекшісі ретінде көмектесу үшін Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктерінің күштері мен құралдары қосымша жіберілді. Осылайша, бүгінгі таңда өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Экология және табиғи ресурстар министрліктері, Қазақстан темір жолы, жергілікті атқарушы органдар және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылды, - деді Күлшімбаев.

Вице-министр 10 тікұшақ жұмылдырылғанын, оның ішінде 5-і – ТЖМ, 3-і – ҚМ, 2 бірлік ЭТРМ өрт орнына келгенін атап өтті.

Жағдай бақылауда, өртті оқшаулау және жою бойынша барлық шара қабылданып жатыр, - деді ол. 

Айта кетейік, 22 мамырда Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөптің жануы салдарынан "Семей орманы" МОТР аумағында орман өртенді. Облыстағы өрт шамамен 1500 гектар жерді шарпыды. Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды. Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысы Бородулиха ауданында табиғи өртті сөндіру бойынша ТЖМ базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізіп, елді мекендерге төнген қауіп жойылғанын мәлім етті. Бұдан бөлек өртті сөндіруге елордалық құтқарушылар көмекке аттанды. Сондай-ақ Абай облысындағы өртке байланысты Бородулиха орталығында 3 эвакуациялық пункт ашылғаны белгілі болды. Кеше 100-ден аса әскери жұмылдырылғаны анықталды.

Өзгелердің жаңалығы