Абай облысындағы өрт: Елді мекендерге төнген қауіп жойылды

24 Мамыр 2023, 11:02
1181
Бөлісу:
Абай облысындағы өрт: Елді мекендерге төнген қауіп жойылды
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

24 мамырда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысы Бородулиха ауданында табиғи өртті сөндіру бойынша ТЖМ базасында жедел республикалық штаб отырысын өткізді, деп хабарлады BAQ.KZ.

Отырыс барысында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың баяндамасы тыңдалды, қазіргі ахуал туралы төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі генерал-майор Ибрагим Күлшімбаев айтып берді, сондай-ақ өрт болған жерден төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков баяндады. 

24 мамыр сағат 09.00-дегі жағдай бойынша өртті ауыздықтауға жеке құрамнан 434 адам және 109 техника, екі тікұшақ және өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған. ТЖМ 23 мамырда қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарының жеке құрамынан 133 адам және 26 техниканы жіберген. 

24 мамыр таңғы сағат 09.00-дегі жағдай бойынша елді мекендерге төнген қауіп жойылды. Өртті оқшаулау және жою бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр.

Еске сала кетейік, 22 мамырда Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөптің жануы салдарынан "Семей орманы" МОТР аумағында орман өртенді. Облыстағы өрт шамамен 1500 гектар жерді шарпыды. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданындағы орман алқабының аумағын тікұшақпен ұшып өтті. Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды. Бүгінгі таңда қызыл жалынмен күресу үшін күштер мен құралдар ұлғайтылды: өртті сөндіруге 434 адам, өртке қарсы 109 техника және су жинау жүйелері бар екі МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды.

Өзгелердің жаңалығы