ТЖД Жаңа жылды қауіпсіз қарсы алуға шақырды

24 Желтоқсан 2020, 11:32
2437
Бөлісу:
ТЖД Жаңа жылды қауіпсіз қарсы алуға шақырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қалалық әкімдікте өткен онлайн брифингте Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Еркін Отарғалымұлы қысқы мезгілдегі өрт қауіпсіздігі мен қала аумағында жүргізіліп жатқан «Қауіпсіз Жаңа жыл» жүйелі профилактикалық іс-шаралары туралы баяндап берді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес осы жылдың өткен мерзімінде қала аумағында 587 өрт фактісі тіркелді. Өрт салдарынан 20-ға жуық адам көз жұмып, 58 адам жарақат алды. 

Басқарма басшысы өрттердің негізгі шығу себептеріне тоқталды.

Электр желілерді монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау, жылыту пештерін пайдаланудағы бұзушылықтар және адамдардың отпен абайсыз болуы өрттің шығуының негізгі себептері. Өрт салдарынан көз жұмған 20 адамның 13-і өрт кезінде мас күйде болған, - деп атап өтті ол.
Келе жатқан Жаңа жылды мерекелеу қарсаңында мүмкін болатын төтенше жағдайларды, соның ішінде өрттердің алдын алу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД халықты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. 
Тұрмыстағы өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес береміз. Электр желілерді пайдаланған кезде қосымша ауыртпашылық түсірмеуге, электр жылыту құралдарын қолданған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға, оларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Сондай-ақ, қолдан жасалған немесе жарамсыз күйде пайдаланылып келе жатқан электр қондырғыларды қолданбауға кеңес береміз. Жылытылатын пештердің үстіне жанғыш материалдарды, отындарды, киім, аяқ-киімдерді кептірмеу керек. Пештерді күніне бірнеше рет жағуға, яғни пештерді шамадан тыс қыздырмау қажет. Ұйқыға кетердің алдында пештерді 1-1,5 сағат бұрын жағып бітіруге кеңес береміз. Жанып жатқан пештерге бақылауды балаларға тапсырмауға, сондай-ақ, оларды үйде жалғыз қалдырмауға, үйде болған кезде төсекте шылым шекпеуге, балконнан темекі қалдықтарын лақтырмауға кеңес береміз, - деді Еркін Отарғалымұлы.

Сонымен қатар, Жаңа жылдық мерекелерді атап өту қарсаңында қала аумағындағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты енгізілген шектеулерге сәйкес мерекелік іс-шараларды өткізуден бас тарту қажет екенін жеткізді.

Үйдегі қауіпсіздік шараларына да мән бергім келіп отыр. Шыршаларды безендірген кезде шыршалар құламайтындай етіп орнатылуы тиіс. Олар эвакуациялық жолдарға бөгет болмауы қажет. Электр гирляндалар электр қондырғыларының талаптарына сәйкес келуі керек. Сонымен қатар, олардың шамдарының кернеуі 12 Вт-тан, ал қуаттылығы 25 Вт-тан аспайтындай болуы шарт, - деп жеткізді басқарма басшысы.

Жаңа жылда пайдаланатын от шашуларды рұқсат берілген ресми, қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін, тауары сертификатталған жерлерден сатып алу керек.

Өзгелердің жаңалығы