Тыйымды елемегендер айыппұл арқалап жатыр

16 Мамыр 2023, 11:25
841
Бөлісу:
Тыйымды елемегендер айыппұл арқалап жатыр
Фото: Артём Чурсинов

Шығыс Қазақстанда уылдырық шашу кезіндегі тыйымды елемей балық аулаған сексеннен астам азамат әкімшілік жауапқа тартылды деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының хабарлауынша, көктемгі уылдырық шашу маусымының басталуына орай олар 16 сәуірден бері өңірдің өзен-көлдерін қатаң бақылауға алған.

Сол себепті Ертіс бассейнінің бес учаскесінде балық аулауға тыйым салынған. Атап айтсақ, 16 сәуірден 30 мамырға дейінгі аралықта Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының Қарақастан Баты шоқыларына дейінгі аралығында, 1 мамырдан 10 маусымға дейін Баты шоқыларынан Бұқтырма су электр станциясына дейінгі аралықта балық аулауға рұқсат жоқ. Сондай-ақ 10 мамырдан 10 маусымға дейінгі кезеңде Өскемен су қоймасында, Ертіс өзенінің Өскемен су электр станциясынан Шүлбі су қоймасы аралығында, 16 сәуірден 30 мамырға дейін Шүлбі су қоймасында, Ертіс өзенінің Шүлбі су электр станциясынан Павлодар облысының шекарасына дейінгі аралықта, 15 сәуірден 30 мамырға дейін Павлодар облысының су айдындары мен Ертіс өзенінің Абай облысы шекарасынан Ресей шекарасына дейінгі аралығында көл байлығын аулауға тыйым салынған.

Тыйым салынған уақыттан бері Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары рейд өткізіп, нәтижесінде 87 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, хаттама толтырды. Оның ішінде 13 әкімшілік іс сот органдарына жолданып, екі қайық пен қозғалтқыш, 32 ау тәркіленді. Сонымен қатар тыйым талаптарын бұзғандардан 426 келі балық тәркіленіп, 72 адамға 1,3 миллион теңгеден астам сома айыппұл салынды. Алты қылмыстық іс қозғалды, – дейді инспекцияның балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Фархат Байбазаров.

Бұдан бөлек заңсыз ауланған балықты сатып алудың және ауларды заңсыз сатудың алдын алу мақсатында инспекция мамандары Өскемендегі құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесіп балық аулау құралдарын сататын сауда орындарын тексерді. Бұл ретте заңбұзушылықтар анықталған жоқ.

Өзгелердің жаңалығы