Тырнаққа маникюр жасатқанда гепатит жұғуы мүмкін бе? - Дәрігер жауап берді

30 Қыркүйек 2023, 16:34
3486
Бөлісу:
Тырнаққа маникюр жасатқанда гепатит жұғуы мүмкін бе? - Дәрігер жауап берді
Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығы

Бауыр – адамның зат алмасуына қатысатын өмірлік маңызды ағзаларының бірі. Былайша айтқанда, «химиялық зертханасы». Бауырдың саулығы нашарласа, бүкіл организм де әлсірейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бауырды қалай сақтау керек? Оның қызметі бұзылмас үшін қандай тағамдардан бас тартқан жөн? Сұлулық салонына бару бауыр үшін қаншалықты қауіпті болуы мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарды Ұлттық ғылыми онкология орталығының профессоры, бас штаттан тыс гепатолог-гастроэнтеролог дәрігер Күлпәш Қалиасқароваға қойған едік.

- Күлпәш Сағындыққызы, бауырды қалай емдейсіздер?

- Медицина ғылымы күн санап қарыштап дамып келеді. Біздің Ұлттық ғылыми онкология орталығы да әлемде пайда болып жатқан барлық заманауи технологияларды енгізуге тырысуда. Соңғы 5-10 жылда мамандарымыздың да біліктілігі артқанын айта кеткен жөн. Егер бұрын күрделі онкологиялық ауруларды емдеу үшін отандастарымыз Оңтүстік Кореяға, Германияға, Түркияға немесе басқа елге баруға мәжбүр болса, қазір шетелдік емханаларда біліктілігін арттырған өзіміздің дәрігерлер осында-ақ емдеп жатыр. Бұрын күрделі операцияларды жасауға техникалық жабдықтарымыз қолбайлау болса, қазір барлығы жеткілікті.

- С гепатитімен күресте қандай жетістікке жеттік?

- 2017 жылы вирустық С гепатитін тікелей вирусқа қарсы препараттармен емдеуді қолға алдық. Сол кезден бастап 30 мыңнан астам пациенттерімізді С гепатитінен сауықтырдық. Ресейлік әріптестеріміздің өзі Қазақстан осы тұрғыда өзге ТМД елдерін басып озғанын мойындап отыр. Мысалы, Ресейде әлі күнге С гепатитінің вирусқа қарсы тегін терапиясы жоқ. Ал бізді С гепатитіне қарсы жоғары тиімділікті вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Сөзіме тұздық болсын, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай әлемде С гепатитін жоюға арналған жаһандық бағдарламаны жүзеге асыруда. Біз де соған өз үлесімізді қосудамыз.

Тырнаққа маникюр жасатқанда гепатит жұғуы мүмкін бе? - Дәрігер жауап берді

- Ал С гепатитінен дұрыс емдемеудің арты неге әкеліп соқтыруы мүмкін?

- С гепатитінен емдейтін пациенттен бізге кешігіп келсе, ол бауыр циррозы немесе бауырдың қатерлі ісігіне айналуы мүмкін. Бүгін С гепатитінен емдеп шығарсақ, бұл бауыр ауруынан қайтыс болудың алдын алып, адамның өмірін ұзарттық деген сөз.

- Елде бауырды қарайтын арнайы орталықтар бар ма?

- Әрине. Қазір елімізде 17 гепатология орталықтары жұмыс істеп тұр. Қазақстанның облыстық маңызға ие барлық қалаларында бар. Болашақта Алматы және Ұлытау облыстарында тағы сондай 2 орталық ашу жоспарда бар.

- Қазақстанда бауырдың қандай аурулары көп таралған?

- Қазақстанда да әлем елдеріндегідей бауыр аурулары өзекті мәселеге айналып отыр. Асқазан-ішек жолдарының аурулары – бауырдың онкопатологиясының негізгі себептерінің бірі. Дер кезінде тексеріліп, организмді тыңдаған жөн.

Вирустық және иммундық аурулармен қатар, бауырдың зат алмасу дерттері де бар, яғни дәрі-дәрмекті көп ішудің салдарынан бауыр қызметінде өзгерістер пайда болады.

Осы жерде бір ескеретін жайт, бауырдың ауруы симптомсыз өтеді. Бастапқы сатыларда ауырып жүргеніңізді сезбей қалуыңыз мүмкін. Сондықтан уақытылы дәрігерлік тексерістен өтіп тұруға кеңес беремін.

Тырнаққа маникюр жасатқанда гепатит жұғуы мүмкін бе? - Дәрігер жауап берді

- Мәселен, қандай белгілер бауырда проблема барын білдіреді?

- Өкінішке қарай, бауыр ауырған кезде көрінетін белгілі бір симптомдар жоқ. Бұл жай ғана әлсіздік болуы мүмкін. Адам жұмыстан шаршадым деп ойлап жүре береді, ал шын мәнінде ол бауырдың күрделі ауруы болып шығады. Кейде жүрек айнып, іш кеуіп, аузына кермек дәм келсе, оны тамақты артық жеп қойдым деп ойлаймыз. Бұл да бауыр ауруының бір белгісі. С гепатиті симптомсыз түрде бауырды бірнеше жыл зақымдап, еш белгі білдірмейді. Сол үшін скринингтен қалмаған дұрыс.

- Сұлулық салондарында, мысалы, қазір сәнге айналған тырнаққа маникюр жасату, татуаж істеткен кезде гепатит жұқтыру қаупі қаншалықты?

- Бұл жерде де қауіп жоқ емес. Бәрі жаңағы маникюр немесе татуаж жасайтын шебердің арына, тазалық жағдайын қаншалықты сақтайтынына байланысты. Сіздің алдыңызда гепатитке шалдыққан адам келіп сізге қолданған құралмен тырнағын жасатып немесе татуаж істетсе, оны шебер дұрыс өңдемесе, әрине, жұғады. Қолыңызды кесіп алса, бітті. Негізі маникюр жасайтын құралдар гигиеналық тұрғыдан әр адамда жеке болғаны дұрыс қой.

Тырнаққа маникюр жасатқанда гепатит жұғуы мүмкін бе? - Дәрігер жауап берді

- Ал тамақтану тұрғысында қандай қағиданы сақтауға кеңес бересіз?

- Салауатты өмір салтын ұстану. Ол не? Ол дегеніміз – дұрыс құнарлы тамақтану мен дененің үнемі қозғалыста болуы. Ішімдіктен, шылым шегуден, газды сусындардан аулақ жүру. Шұжық, сосиски сынды қақталған өнімдерді жемеңіздер. Олардың құрамында адамды жеуге еліктіріп тұрғанымен, бауырды құртатын бірден-бір зиянды қоспалар көп.

Сосын соңғы уақытта байқап жүрмін, әсіресе жас буын арасында БАД дейміз, биологиялық белсенді қоспаға үйір. Оның барлығы маркетинг қана. Оның орнына дұрыс тамақтаныңыздар, ет жеңіздер, қымыз ішіңіздер. Өзіміздің дәстүрлі асханамыз да құнарлы тағамға бай ғой. Ешқандай да «сиқырлы таблетка» жоқ! Адамның бауыры түрлі синтетиканы ыдыратуға арналмаған. Осыдан келіп бауырдың дәрілік және химиялық зақымдануы орын алады. Протеин, синтетикалық дәрумендерге өз басым қарсымын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы