Тыл – армияны қай кезде де қамтамасыз ететін база

23 Қараша 2022, 18:11
1412
Бөлісу:
Тыл – армияны қай кезде де қамтамасыз ететін база

Әскерде өз ісінің шебері көп. Осындай мықты мамандардың қатарында еңбегі байқала бермейтін, алайда онсыз әскерді елестету мүмкін емес мамандар да баршылық, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Соның бірі, біреу білсе, біреу білмейтін, бүгінгі әңгімеге арқау болатын азық-түлік пен техника құралдарын сақтау маманы. Ендеше, әскердегі барлық тыныс-тіршіліктің ұйытқысы саналатындар кімдер, олардың әскердегі орны қандай?  Бұның бәрін атқаратын жабдықтау базасы –  Қарулы күштерді материалдық камтамасыз ететін мекеме. Оған басқару органдары, материалдық құралдар корлары мен қоймалары және оны қамтамасыз етуші бөлімдері кіреді. 

Тыл – армияны қай кезде де қамтамасыз ететін база. Қару-жарақпен, жауынгерлік көліктің жанар-жағармайымен, азық-түлікпен қамтылмаған әскер – қауқарсыз әскер. Сондықтан әскердің құрал-сайманының сақадай-сай болуы тыл  жұмысының да нәтижесіне қарай көрінері анық.

Осындай өз ісінің хас шебері, тыл қызметінің үздігі сержант Жандарбек Болатұлы Хайрушев – 23366 әскери бөлімінің азық-түлік пен техникалық құралдарды сақтау бөлімінің қойма бастығы. 2020-2022 жылдардың қорытындылары бойынша, аталған әскери бөлімінің үздік қызметкері. Азық-түлік пен техникалық құралдарды сақтау бөлімінің қойма бастығы өз ісінің шебері. Орындаушылық қабілеті және мәдениеті жоғары деңгейлі сержант. Тек жабдықтау қызметінің үздігі ғана емес, ол атыс қаруын жақсы меңгерген, АК-74 Калашников автоматынан оқу-жаттығу атыстары бойынша жаттығуларды «өте жақсы» деген бағаға орындайтын әскери қызметші. 

Тыл – армияны қай кезде де қамтамасыз ететін база

Жауынгерлік жаттығулар күнделікті ісім. Өзімнің денсаулығым үшін турникке тартылып, жеңіл атлетикамен айналысқанды жақсы көремін. Ату шеберлігін де әскерде жүріп үйрендім. Оған кезінде Ақтөбе қаласында 30238 әскери бөлімінде жүріп жаттықтым, –  дейді Жандарбек Хайрушев.

2022 жылы өткен «Эшелон – 2022»  оқу-жаттығуына қатысып, өз ісінің мықты маманы екенін дәлелдеді. Елімізде өткен жаттығуларды жабдықтау, қамтамасыз ету қызметтерінің бәрі Жандарбектің мойнында болды. Осындай сәтте шатырлар құру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету ісін барынша жақсы білетін тыл қызметкері бәрін еш кемшіліксіз, тамаша атқарып шықты. 

Тыл қызметінде ғана емес, ол Ак-74 пен ПМ-9мм қаруларына қызығатынын, дәлдеп ату үшін қарудың құрылымын білу, көздей білу, қаруды сезіну, демді дұрыс пайдалану керектігін айтады. Әскери қызмет ер жігіттің шыңдап қана қоймайды. Жан-жақты шынықтырады. Елге қызмет ете жүріп шыдамдылыққа, төзімділікке үйретіп, кез келген қиындықтан шығу жолын да меңгереді. Әскери қызмет осындай ерекшілігімен қызықты.  Армия дегеніміз елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуші әскер, яғни қорғаушы күш.

Балалық шағында зерек, тілалғыш бала болған Жандарбек тентектігім де болды дейді. Әдеби кітаптардан гөрі, елдің тарихы туралы кітаптарды оқығанды жақсы көретінін де жасырған жоқ. Мектепте спортпен айналысып, балық аулау, кітап оқу, жүгіру, жаттығу сияқты талай нәрсені хоббиіне айналдырған жігіт отбасымен елордада тұратынын айтты. 

«Тәртіпке бағынға құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» дейді халық батыры Бауыржан Момышұлы. Әскердегі тәртіп дегеніміз - командирдің тапсырмаларын уақытылы бұлжытпай орындау. Ұжымға үлгі болу.  Бір сөзінде ол болашақта қазақ әскерінің рухынан дұшпан сескенетіндей болатынын, бұл үшін қаруы мықты, әскері қуатты ғана емес, әр адам өз ісінің үздігі, мықты маманы болуы керек деді. Басшылық тарапы да әр оқу жылының қорытындысы бойынша Жандарбектің мықты маман екенін тілге тиек етті.  

Еліне қорған болатын жігіт қандай іс атқарса да, адалдықпен атқару керек. Қиыншылыққа мойымай, алға қойған мақсатқа жетуге тиіссің. Алға мақсат қойсаң, соған шын ниетің болса жетесің. Мақсатқа жету үшін де адалдық керек. Менің мақсатым, арманым – офицер болу. Қарулы күштердің мықты офицерлерінің бірі болу. Арманың айқын болса, мақсатың да солай болмақ, – дейді Жандарбек.

Тыл қызметінің үздігі, өз ісінің мықтысы, болашақта офицер болуды армандайтын Жандарбекке айқын армандарың орындалсын дейміз.

Өзгелердің жаңалығы