Тұрсыновтың пешенесіне тұңғыш болу жазылған

27 Желтоқсан 2021, 19:07
3255
Бөлісу:
Тұрсыновтың пешенесіне тұңғыш болу жазылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жарқырап шыққан жас қазақ қайраткерлерінің шоғырындағы ең ірі тұлғаларының бірі – Нәзір Төреқұлов. Ол көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тұңғыш дипломат. Тарихта аты қалған тұлғаның ізін жалғастырып келе жатқан ізбасарлары да жоқ емес. Соның бірі – Сағынбек Тұрсынов.

Редакциямызға ел ағасы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сағынбек Тоқабайұлының өмірі мен еңбек жолы жайында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлжазира Ертасова әңгімелеп берді.

Тұңғыш дипломаттан тәлім алған

Гүлжазира Ертасова алдымен қазақтан шыққан тұңғыш елші – Нәзір Төреқұлов туралы сөз қозғады.

Оның қоғамдық қызметі мен өміріне терең үңілсек, адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, ел мүддесі жолында еш аянып қалмастан, тер төге еңбек етуімен, елдестіре білген елшілік қасиетімен өз есімін тарих беттеріне алтын әріппен жазып қалдырғанын байқаймыз. Нәзір Төреқұловтың қызмет еткен, тағдыр кешкен жылдарында жинаған іс-тәжірибесінің арқасында жауапты қызметтер атқарған. Іскерлік және дипломатиялық қасиетінің даралығымен қызмет барысында Төреқұловтың қайраткерлік тұлғасы қалыптасып, мемлекет ісін терең меңгеруіне жол ашылды. Нәзір Төреқұлов шебер дипломат ретінде өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде ой елегінен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп, осыларды өз қызметінде орындап отырған саясаткер, қазақтан шыққан тұңғыш елші, – деді ол.

Айтуынша, Төреқұловтың қоғамдық және саяси қызметінің барлық белестерінде бірінші ұлтына, туған халқына аянбай көмек беруге ұмтылғанын көреміз. Осы мақсатта ғылыммен, әдебиетпен және журналистік қызметпен де айналысты. Соның арқасында қазақ әдебиеті мен өнері үшін, қазақ тіл ғылымы мен баспасөзі үшін, бір сөзбен айтқанда, жалпы қазақ тарихы мен руханияты үшін  қаншама құнды дүниелер жазып тастап кетті.

Тарихта терең білімімен ныспысы таңбаланған Нәзір Төреқұловтың бойындағы аталмыш қасиеттері Мемлекет және қоғам қайраткері Сағынбек Тұрсыновта айна-қатесіз қайталанатынына қалың қауым куә! Себебі елдік саяси қызметтермен қоса руханият дамуына да өлшеусіз үлес қосқан Сағынбек ағамызды Төреқұловтан тікелей тәлім алған ба дерсің, – деп айтты Гүлжазира Ертасова.

Сағынбек Тұрсынов кім?

Арқаның топырағында туған Сағынбек Тоқабайұлы Тұрсыновтың балалық дәурені соғыс жаңа біткен жылдарымен тұспа-тұс келді. Елмен көрген қиындықтан тез есейіп, үлкен өмірге ерте араласты. Ол 1946 жылы  шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қарқаралы зооветеринарлық техникумын (1967), Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (1975), Алматы Жоғары партия мектебін (1985) бітірген С.Тұрсынов енбек жолын кеңшар зоотехнигі болып бастаған. Одан әрі Қарағанды облысы ДОСААФ комитетінің техника даярлау мектебі бастығының орынбасары, Молодежный аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Көктал» кеңшарында шаруашылық директоры, Карағанды облыстык партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті меңгерушісінің орынбасары болады, – деп атап өтті ол.

Сөзінше, Сағынбек Тоқабайұлының білім жолында көрген мехнаты да аз емес. Ол Кеңестік кезеңде білім қуып, жоғары оқу орнында оқып, мамандық алып, еңбекке араласқан соң, қалған саналы өмірін еліміздің дамуына арнаған біртуар тұлға.

Кеңестік кезде білімі терең, өзі іскер, тәжірибесі мол мамандарға жас болса да үлкен сенім артылатын. Басты талап – істің бабын тауып, ұйымдастыра, ұжымды ұйыстыра алу, сөйтіп, жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Бекзаттық болмыс, сал-серілік сымбат, тізгінделіп түзілген ой мен әрекеттің еркіндігі Сағынбек сынды алғыр, зейіні зерек, бойына қазақи рухы сіңген азаматты көп қатарластарынан оқшау көрсетіп тұрды. Жігерлілігін көрсеткен әрі бас бола білген осындай адами болмысыі, іскер азамат Сағынбек Тұрсынов мол тәжірибенің арқасында, ерен еңбегі еленіп, 1988-1993 жылдары Талдықорған облыстық партия комитетінің хатшысы, облатком төрағасы, обкомның І хатшысы, облыстык кеңесінің төрағасы, облыс әкімі қызметтерін жемісті атқарып, еліне мінсіз қызмет етудің өнегелі жолын көрсетті.

Сағынбек Тоқабайұлы өзіне жүктелген жауапкершілік шеңберінде шебер дипломат ретінде өз мемлекетінің беделін лайықты дәрежеде ұстап тұру, оның саяси, сауда-экономикалық, басқа да мақсаттарын табанды түрде қорғау және аса қажетті ақпараттарды дер кезінде ой елегінен өткізе білу сияқты салаларды терең меңгеріп, осыларды өз қызметінде бұлжытпай орындап отырды. Ол сол кезеңде өзі төтенше және өкілетті елшісі болып отырған Кеңес Одағының беделін көтеруге күш салды, әртүрлі дәрежедегі келіссөздерді біліктілікпен жүзеге асырып отырды. Әсіресе, кеңестік сауда жүйесінің өміршеңдігін дәлелдеп, оған жасалған шетелдік қысымға шектеу салды, сол арқылы елшіліктің сараптау жұмысының арнасын жаңа жолға қоюы асқан шеберліктің үлгісі болғандығын айта аламыз, - дейді ол.

Елге жасаған елеулі ісі де бар, алқалаған халқынан алған абыройы да бар ел ағасы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сағынбек Тоқабайұлының өмірдегі қия жолы түрлі жауапты қызметтерге келіп түйісе берді.

Маман атап өткендей, Қарағанды облысында алғаш құрылған аса ірі «Көктал» совхозына бірінші директор болып тағайындалып, ондағы тұралаған тірліктік бойына қан жүгірткенін де бүгінде тұрғындар тамсана еске алады. Бірер жылдан соң облыстарға әкім тағайындау туралы заң қабылданып, басқарудың жаңа әдісі қолданылғанда Сағынбек Тоқабайұлын алғашқы толқында сол Талдықорған облысы тарихында тұңғыш әкім болып тағайындалды. Бұрынғы бюро жоқ, бұрынғы Орталық Комитет жоқ, бар жауапкершілік жеке өз иығына түседі. Экономикалық байланыстар үзілген, бұрынғы қорлар сарқылған, жаңа байланыстар жасала қоймаған өте ауыр кезеңде облыс әкімі қызметін атқарған. Сындарлы шақта тағайындалған Бірінші басшы бірден сырт елдермен байланыс орнату арқылы нарыққа сай әрекет етуге көшті. Әуелі Қытаймен шекараны ашып, Ұлы қорғаннан қант алып, Ресейден тыңайтқыш жеткізеді. Сөйтіп, өнім сапасын біртіндеп арттырған соң, оны қайта  аспанасты еліне саудалайды. Себебі олардың өзінде  қант тапшылығы бар еді. Экономикалық шешім мұнымен тоқтаған жоқ. Енді Ресей нарығына  дендеп енудің  амалын қарастырады. Ол жақтан «Волга» көлігін арзан бағаға алып, пайдаға кенеледі. Келесі бетбұрысы – Ресейдің Омск облысымен келісім жасап, бензин тасымалдадық. Сол кезде Қазақстанның барлық облыстарында жанар-жағармай тапшылығы орын алған еді. Есесіне біздегі бензин бөшкелерінде сұйық отынның қоры   артығымен  болды. Берісі Алматы, әрісі Семей өңірін бензинмен қамтамасыз етеді. Одан кейін Қытайдан шағын технологиялар әкеліп, керексіз жатқан малдың жүні мен терісін ұқсатып, сабын шығарады. Талдықорғандағы  қазіргі мұқым ел аумағын аккумулятормен қамтамасыз етіп отырған  зауыттың іресін қалауға зор септігін тигізеді. Ал оны құруға керекті жабдықтарды Америка мен Ұлыбританиядан тасымалдағанын біреу білсе, біреу білмес. Айтпақшы, Германия технологиясы бойынша «Крекер» печеньесі алғаш рет Талдықорғанда өндіріле бастады. Бұған Түркиямен тоқайласудың нәтижесінде қол жеткізеді. Осындай тың бастамалардың нәтижесінде бюджеттен тыс қор құрып, соның арқасында барлық салада жұмыс орындарын ашып, халықтың  жалақысын дер кезінде төлеп отырады Сағынбек Тоқабайұлы.

Тұрсыновтың тұралап тұрған Талдықорғанның тынысын ашып, тамырына қан жүгіртіп, тамағын жіпсітіп, «шықпа, жаным, шықпамен» күнелткен жұртының басына бақ орнатқанын аймақ тұрғындары әлі аңыз етіп тамсана айтып жүр.  Басшының нарықтан тарыққан халықты осылайша аман алып шыққаны басқа аймақ басшыларына да үлкен сабақ, тағылымды тәжірибе болып еді. Мына  заманда  жалаң,  жадағай  шекпенді  ұраншыл-патриотты, ұлт жанашырын елестету қиын. Ұлтты қорғаудың әртүрлі әдістері бар. Соның ең ұтымдысы елінің басына  іс  түскен  қиын  кезеңде сөзін сөйлеу. Арғы-бергіге ой жіберу. Абайлап жөн сілтеу. Сөзін өткізу. Бауырмал, жүректің әмірімен жүретін елшіл азамат  қана халқына шын жанашыр, ұлтының ұяты, қара орман қазағының қамын жеуші. Сағынбек Тоқабайұлы осындай жанашырлықпен студенттерге де стипендиясына қосымша, бір мезгіл тегін тамақ бергіздірді. Институтты ордалы университетке айналдыру үшін де аз тер төкпеді, - деп айтты Гүлжазира Ертасова.

Қазақта «ұлық» деген ұлы сөз бар. Көшелі керуен тартқанда – жол бастайтын нар түйені «ұлық» деген. Сағынбек ағамыздың өр істері осы ұғымға саяды. Себебі ол қандай жауапты қызметтер атқарса да шарапаты мен жақсылығын халықтан аянып қалмады. Жоғары лауазымды адамның бағасын беретін де, оған төрелік ететін де – халық. 

Сағынбек Тұрсынов 1995-1996 жылдары Елбасы жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бірінші басшысы, одан кейін еліміздің Германия, Австрия мемлекеттеріндегі тұңғыш елшісі, 2006 жылы Венгрия мемлекетінде Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. Төтенше және өкілетті елші дипломатиялык рангі (1994) бар.

Сондай-ақ С.Тұрсынов 12-шақырылған КазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де елімізде болып жатқан түрлі оқиғалардың сарапшысы болып, халыққа тиімді ұсыныстарды қабылдау үшін қажырлы еңбек етті. Пікірлері мен көзқарастары түрлі-түрлі депутаттармен жұмыс жасап, олардың әрқайсысының ой-ұсыныстарының халыққа тиімді, пайдалы деген жағына баса назар аударуға үнемі атсалысты. Бұдан ешқашан қажыған емес. Бұл – Тұрсыновқа артылған замана жүгі еді. Оны адамдық, азаматтық иықпен биік көтере білді.

Қайраткер тұлғаның бұл еңбектері ескерусіз қалған емес. Осындай жанкешті еңбектерінің нәтижесінде Сағынбек Тоқабайұлы басқасын айтпағанда, 2003 жылы «Құрмет» орденімен наградталса, 2009 жылы «Парасат» орденімен, ал 2019 жылы ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. 

Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған азаттығымыз – Қазақ елінің тәу етер Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Бұл тәуелсіздік көктен оңай түсе қалған жоқ. Осы ширек ғасырлық бостандық шежіресінде Ұлы Дала ұландарының талай-талай жылдарға созылған азаттық жолындағы тарихи күрестері, С.Тұрсыновтай ел азаматтарының ерен еңбектері жатыр. Ол – елінің елшісі, ұлтының ұяты. Биыл 75-ке абырой арқалай жеткен көрнекті мемлекет әрі қоғам қайраткері, ірі дипломат әрі саясаткер, әлемдік тұлға, ұлттардың дәнекері, өз халқының адал перзенті, замана ойшылы, ұлы ақын, мақтанышқа айналған тұлға Елбасының және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Саяси қайраткерлігі мен дипломатиялық іскерлігінің, қажырлы еңбегі мен ғылымға деген құштарлығының арқасында абырой биігіне көтерілген Сағынбек Тоқабайұлы Тұрсыновтың өмірі кейінгіге үлгі, ұрпаққа өнеге, - деп сөзін қорытындылады Гүлжазира Ертасова.

Өзгелердің жаңалығы