Түрме басшысы орнынан кетті – ІІМ сотталушыларды жәбірлеу ісі жайлы

29 Шілде 2019, 17:03
1917
Бөлісу:
Түрме басшысы орнынан кетті – ІІМ сотталушыларды жәбірлеу ісі жайлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрінің кеңесшісі - ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз жәбір көрген сотталушылар туралы тараған видеоға түсініктеме берді.

"26 шілде күні әлеуметтік желілерде Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департментіне тиесілі 155/8 мекемесінде жәбір көрген сотталушылардың видеолары тараған болатын. Біз бұл материалдардың барлығын дереу жіті зерттеп, оның екеуінде расымен де сотталушыларға мекеме қызметкерлері тарапынан қандай да бір күш қолданылғанын көріп, бұл материалдарды облыстық прокуратураға жолдадық. Қазір Ішкі істер министрінің тапсырмасымен жедел арада қылмыстық-атқару жүйесінде арнайы комиссия құрылды. Бұл осы мәселені жіті тексеріп, анық-қанығын білу үшін қажет. Дереу арада Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен, басшылықтан Алматы облысына өкілдер жіберілді", - деді Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, 29 шілдедегі тәртіптік комиссияның нәтижесі бойынша 14 адам түрлі жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында 155/8 мекемесі бастығының орынбасарлары да бар. Бұған қоса, түрме басшысы орнынан босады. 

"Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Алматы қалалық департамент басшылығын қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартты. Бұндай кез келген заңсыз дүниелерге қатысты, Ішкі істер министрлігі тарапынан оларды болдырмау және қайталанбау үшін нақты шаралар қабылданады. Кез келген уақытта бұндай ақпараттың барлығы жіті тексеріліп, кінәлі адамдар міндетті түрде жазасын алады", - деді Нұрділдә Ораз Ішкі істер министрлігінде берген сұхбатында.

Еске салсақ, интернет желісінде түрме қызметкерлерінің сотталғандарды ұрып-соққан видеосы тарап кеткен болатын.


Өзгелердің жаңалығы