ТүркПА: Сайлау ашық және тәртіпке сай өтті

20 Наурыз 2023, 12:57
902
Бөлісу:
ТүркПА: Сайлау ашық және тәртіпке сай өтті
Фото: автордан

Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) байқаушылар миссиясының басшысы, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының мүшесі Реджеп Шекер сайлауға қатысты миссияның мәлімдемесін жариялады.

Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) байқаушылар миссиясы елімізде Парламент Мәжілісі және мәслихат сайлауын қысқамерзімді бақылау міндетін атқарды. Миссия Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан Парламенттері мүшелерінен, ТүркПА хатшылығының өкілдерінен құралған.

Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау заңнамалық реформалар аясында жүзеге асты. Соңғы уақытта сайлау заңнамасына едәуір өзгерістер енгізілді. 2022 жылы 5 маусымда Жалпыұлттық референдумда азаматтардың қолдауымен Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық реформаның жалғасы ретінде сайлау жүйесіне, Парламент Мәжіліс депутатын сайлау үдерісіне өзгерістер енгізілгенін білеміз, - деді ол.

Сөзінше, соңғы өзгерістер бойынша Мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізім негізінде, саяси партияларда қалған 29-ы бірмандатты округтерден өзін-өзін ұсыну арқылы сайланды.

Миссия мүшелері сайлау алдында бірқатар кездесу өткізді. Миссия сайлау күні Астана мен Алматы қалаларындағы бірқатар сайлау учаскесінде болып, жәшіктерді ашудан бастап, дауыстарды санауға дейінгі барлық кезеңдегі дауыс беру барысын бақылады. Миссия дауыс беруді бақылап, дауыс берушілермен, сайлау учаскесі қызметкерлерімен және жергілікті байқаушылармен сұқбаттасты, - деді Реджеп Шекер брифингте.

Шетелдік байқаушы атап өткендей, сайлау учаскелері таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін ашық болды.

Сайлау бейбіт жағдайда өтті. Біз барған сайлау учаскелеріндегі рәсімдерді бақылаған миссия дауыс беру үдерісі ашық және тәртіпке сай өтті деп бағалады. Сайлау учаскелеріндегі қызметкерлердің ережелермен жақсы таныс екені байқалды. Ортком қажетті материалдармен қамтамасыз еткен, - деп ойын айтты ТүркПА байқаушылар миссиясының басшысы.

Миссия Қазақстандағы сайлауды халықаралық деңгейде бақылау үшін ұсынылған мүмкіндіктерін жоғары бағалады.

Өзгелердің жаңалығы