Түркияға көмек. Түркістан жастары 3 тонна жүк жөнелтті

10 Ақпан 2023, 14:29
1709
Бөлісу:
Түркияға көмек. Түркістан жастары 3 тонна жүк жөнелтті
Фото: Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы»

Түркістандықтар Түркия елінде болған зілзалаға байланысты екі күн ішінде он тонна гуманитарлық көмек жинап, бауырлас елге көмек көрсетті, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ тілшісі. 

Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Эрнар Бектаев ұйымдастырған еріктілер тобы зардап шеккендерге қажетті жабдықтарды (көрпе-кереуеттер, балалар жаялықтары, жеке гигиена құралдары, қысқы жабдықтар және т.б.) жинап, «Turkistan» халықаралық әуежайына жіберді.

Түркияға көмек. Түркістан жастары 3 тонна жүк жөнелтті

Бүгінгі таңда аймақта 18 еріктілер ұйымы мен 500-ден астам ерікті Түркияға көмек беру бойынша жұмылдырылған. Түркістан облысында үш негізгі штаб жұмыс істеп тұр. Қазірге дейін үш тоннаға жуық заттар жиналып, әуежайға жөнелтілді. Ауданда, қалаларда барлығы 20 штаб құрылып, тиісті жұмыс істеліп жатыр. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушылары да бір күндік жалақыларын аударғалы отыр. Қайырымды іске облыстың ардақты ардагерлер алқасы да қосылып, гуманитарлық көмек жинауға кірісіп кетті, - деді Эрнар Нұралыұлы. 

Айта кетейік, бауырлас елдегі болған төтенше жағдайға бей-жай қарамаған түркістандықтар тиімді жұмыстар жүргізуде. Өз кезегінде игі іске кәсіпкерлер де қолдау көрсетті. Атап айтқанда, Кентау қаласынан, Шардара, Жетісай, Келес, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам аудандарынан гуманитарлық көмектер шетінен жеткізілді. Жиналған жүктер республикалық волонтерлік фронт-офистен жөнелтіледі. Сондай-ақ Түркістан халықаралық әуежайымен келісім жасалып, алғашқы гуманитарлық көмек Түркияға тиеліп жіберілді. 

Түркияға көмек. Түркістан жастары 3 тонна жүк жөнелтті

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облыстық жастар орталығында Түркия Республикасында жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсеткісі келетіндер үшін штаб ашылды. Болашақта штаб өз жұмысын жалғастырады. Кез келген азамат қолдан келгенше көмек көрсете алады. Алғашқы көмек легі жіберілді. Енді барлық жүкті жөнелту үшін Түркиядан арнайы CARGO жүк ұшағы күтілуде. 

Өзгелердің жаңалығы