Түркиядағы зілзала. Құжатсыз қалған отандастарымыз не істейді?

10 Ақпан 2023, 17:27
1582
Бөлісу:
Түркиядағы зілзала. Құжатсыз қалған отандастарымыз не істейді?
Фото: qazaly.kz

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зілзала кезінде құжатсыз қалған азаматтарымызға длипоматтар мен консулдық қызметкерлері көмектеседі.

Түркиядағы жер сілкінісі салдарынан болған қираулар туралы хабардан бері министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желісіне бір мыңнан астам қоңыраулар келіп түсті. Негізінен Түркия аумағында туыстарын табуға өтініштер түскен. Сонымен қатар Түркиядағы дипломаттарымызға да қоңыраулар мен өтініштер түсуде. Олар бірнеше күн ішінде 150-ден астам отандастың орналасқан жерін анықтап, Қазақстандағы туыстарымен байланыс орнатуға көмектесті, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі. 

Айтуынша, еліміздің дипломаттары көмекке мұқтаж отандастарымызға барынша жәрдемдесіп жатыр.

Өңірдегі ауыр жағдайды, байланыстың болмауы немесе байланыстағы қиындықтарды ескере отырып, азаматтарға қажетті көмек көрсету үшін дипломаттар апат аймақтарына, атап айтқанда, ең көп зардап шеккен Газиантеп, Антакья және Кахраманмараш қалаларына барды. Көптеген отандасымызға қауіпсіз жерге көшуге көмек қажет болды. Олар көлікпен, тамақпен және баспанамен қамтамасыз етілді. Кейбір азаматтарымыз Отанына оралуға ниет білдірді. Сондай-ақ көптеген қазақстандық тұрғын үйлерінің бұзылуына байланысты құжаттарын жоғалтқан. Консулдар оларға қажетті жол жүру құжаттарын сол жерде рәсімдеп берді, - деді Айбек Смадияров.

Белгілі болғандай, апат аймағынан 120-дан астам азаматымыз қауіпсіз жерге көшірілген. 

Соңғы 4 күнде Газиентеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Конья және Елязык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылды. Оның ішінде 58 Қазақстан азаматы Астанаға репатрациялық рейстермен жеткізілді, - деп нақтылады ведомство өкілі. 

Еске сала кетейік, Түркияда 6 ақпанда жойқын жер сілкінісі орын алды.

Жер сілкінісі Кахраманмараш провинциясының Пазарджик аймағында жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де 7 шақырым тереңдікте болған. Жерасты дүмпулері одан кейін жарты сағат бойы әртүрлі аймақта – Адана, Анкара, Анталия, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Шанлыурфада сезілген.

Өзгелердің жаңалығы