Түркияда туристік автобус пен эвакуатордың соқтығысуы салдарынан 11 адам қаза тауып, тағы 27 адам жарақат алды. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Түркияның NTV телеарнасының хабарлауынша, жол апаты Маниса туристік аймағындағы Измир – Ыстамбұл тасжолында болған. Туристік автобус эвакуатормен соқтығысқан.
Апат салдарынан 11 адам көз жұмып, 27 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің бірі ауыр халде жатыр. Жараланғандар ауруханаларға жеткізілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ, - деп жауап берді ҚР Сыртқы істер министрлігі редакция сауалына.
Автобус Бурса қаласынан шығып, Денизли провинциясындағы Памуккале термалды бұлақтарына қарай бағыт алған.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жіберілген.
Ахисар бас прокуратурасы жол апатына қатысты тергеу бастады. NTV мәліметінше, апатқа қатысы бар жүргізушілер мен автобус иесі ұсталған.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы Гебзе – Орхангази – Измир автомагистралінің Ахисар ауданындағы ақылы жол бекетінің маңында болған.