Түркістандық диқандар мақта бағасының көтерілмегеніне наразы

20 Қыркүйек 2022, 18:03
1376
Бөлісу:
Түркістандық диқандар мақта бағасының көтерілмегеніне наразы

Түркістандық жүзге жуық шаруа өңір басшысымен жолығу үшін күні кеше облыс әкімдігінің алдына жиналған болатын. Онда диқандар зауыт басшылары мақта бағасын көтерсін деген талаппен жиналған, деп хабарлайды Түркістан облысының BAQ.KZ тілшісі. 

Мақтаарал және Жетісай ауданының шаруалары жаз бойы аптап ыстық пен қапырыққа қарамастан бейнетпен өсірген ақ алтынның бағасын төмендеткеніне наразы болып отыр. Әкімдік мақтаның бір тоннасы 374 мың теңгеден қабылданады деп айтқанымен, жекеменшік мақта қабылдау зауыттары мақтаның тоннасын 200 мың теңгеден асырмай отырған көрінеді. Сол себепті, шаруалар бейнеті мен шығындарын ақтамақ тұрмақ жаппайтынына да ашынған. 

Түркістандық диқандар мақта бағасының көтерілмегеніне наразы

Бізге зауыттың директорлары мақтаның бағасын 200-250 мың теңгенің аралығында деп айтты. Диқандардың жанайқайын ешкім шешіп бере алмай жатыр. Аудан әкімдігі де, зауыт директорлары да бұл мәселеге келгенде үнсіз, - дейді шаруа Төрехан Нұрлыбеков. 

Жалпы, Түркістан облысында ірі өнеркәсіп орындар жоқ, есесіне ауыл шаруашылығымен күнелтіп отырған аймақ екені белгілі. Шаруалармен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды олардың арыз-шағымы мен ұсыныстарын тыңдап шықты. 

Аймақ басшысымен кездесуде сонымен қатар ағын судың тапшылығы, ауыл шаруашылығын субсидиялау мен несиелендіру, жер, минералды тыңайтқыштар мен ақ алтынның бағасы туралы жан-жақты талқыланды. 

Республика бойынша мақтаны көбіне Түркістан облысы экспортқа шығарады. Мамандар мақтаның бағасын сыртқы нарықтың сұранысы қарай белгіленеді деген уәжді алға тартты. Түркістан өңірінде жылына 70 мың тоннаға жуық мақта талшығы өңделеді. Ал өзіміздегі ішкі сұраныс 20 мың тоннаны қамтиды. Облыстан өндірілген мақтаның жоғары сұрыптары көршілес Ресей, Еуропа мен Түркия елдеріне жөнелтіледі. Ал мақта дақылын өсіру үшін мемлекет субсидия берумен келеді. 

Түркістандық диқандар мақта бағасының көтерілмегеніне наразы

Өздеріңіз білесіздер, Ресейдегі жағдайдың әсерінен санкциялар салынды, логистика қымбаттап кетті. Негізі мақтаның бағасын шеттен сұраныспен алдыртатын трейдерлік компаниялар белгілейді. Ал өзіміздің елімізде текстиль зауыттар өте аз болғандықтан бұл мәселе әзірге белгісіз болып тұр. Ресейге салынған санкцияның әсерінен Латвия, Молдова елдері мақта бағасының тасымалын қымбатсынып отыр. Дегенмен, осы қыркүйек айының аяғына дейін бұл мәселе шешімін табады деген үміттеміз, - дейді Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанбеков. 

Өз кезегінде шаруалардың талабын ден қоя тыңдаған облыс басшысы  Дархан Сатыбалды олардың әрқайсысының мәселесі назардан тыс қалмайтынын жеткізе отырып, мақта бағасын белгілеу туралы ірі зауыт басшыларымен келіссөз жүргізетінін айтып өтті. 

Бүгінде облыста ауылшаруашылығын қодайтын іс-шаралар кезең-кезең бойынша жүргізіліп жатқанын естеріңізге сала кеткім келіп тұр. Мәселені ортақ диалог орнату арқылы шешеміз. Алдағы уақытта өңірде мақта  өңдейтін өндіріс орындарын ашуды қарастыруымыз керек. Сондай-ақ, шаруалардың мәселесін тыңдап, шешуге мұрындық болатын арнайы қауымдастық құру, жер дауларына қатысты комиссия құрып, құрамына диқандарды кіргізу қажет, - деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.  

Түркістандық диқандар мақта бағасының көтерілмегеніне наразы

Айта кетейік, Түркістан облысында 18 мақта өңдеу зауыты, 206 ақ алтынды қабылдайтын пункттер бар. Өткен жылы да шитті мақтаның бағасы 250 мың теңге болған. Биыл барлық азық-түлік пен тауарлардың бағасы көтерілгендіктен, диқандар да маңдай термен тапқан өнімдерін өзіне лайықты бағаға сатқысы келеді. 

Байлар ойына келген бағаны өз тауарына қойып, көтере алады, өкімет оларға ештеңе істей алмайды. Ал біздің мақтаға келгенде төмен бағаға алғысы келіп тұрады. Бұл дегенің әділетсіздік деп ойлаймын. Жанар-жағармай бәрі қымбаттады. Ендеше біз бейнетпен өсірген мақтаның да бағасы көтерілсін, - дейді шаруа Сәбит Мәкиев. 

Кездесуде өңірде мақтаның биыл 16 мың гектарға көп өскені атап өтілді. Сонымен қатар, облыстың ауылшаруашылығы мамандары бұған дейін Түркістанның мақтасын алып жүрген Түркия, Ресей, Қытай елдеріндегі компаниялардан сұраныс түспегенін алға тартты. 

Өзгелердің жаңалығы