Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Tesla Cybertruck негізіндегі мобильді кешендер кезекшілік атқарады. Іс-шара жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа техника екі бағытта қолданылмақ: бір электропикап Мемлекеттік күзет қызметінің басқару және үйлестіру жұмыстарына арналған мобильді командалық-штабтық көлік ретінде іске қосылса, екіншісі Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел әрекет ету резервіне енгізілген.
Мемлекеттік күзет қызметі бұл көлікті алғаш рет ресми іс-шараларда мобильді штаб ретінде пайдаланып отыр. Оның негізгі артықшылықтары ретінде жоғары ұтқырлық, қалалық және күрделі рельефте тиімді қозғалу, сондай-ақ тыныш жұмыс істеу мүмкіндігі аталып өтті.
Көлік заманауи байланыс және басқару жүйелерімен жабдықталған. Оның ішінде дрондарды басқару құралдары, қорғалған байланыс арналары, есептеу техникасы және электрондық байланыс жүйелеріне қуат беру мүмкіндігі бар.
ТЖМ тарапынан пайдаланылатын екінші Cybertruck моделі іздестіру-құтқару жұмыстарына бейімделген. Ол әсіресе Алматы таулы аймағы мен туристік белсенділігі жоғары өңірлерде қолданылатын болады. Саммит кезінде көлік жедел резерв ретінде дайын тұрады.
Құтқару кешені спутниктік интернет, жылукамералы дрондар, арнайы байланыс құралдары және автономды қуат көздерімен қамтамасыз етілген. Бұл төтенше жағдай кезінде құтқарушылар мен медициналық қызметтердің жұмысын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді.
Электр көліктерін пайдалану таулы және қорық аймақтарында экологиялық жүктемені азайту тұрғысынан да маңызды шешім ретінде қарастырылып отыр.
Мамандардың айтуынша, бұл тәжірибе заманауи технологияларды мемлекеттік қызметтерде қолдану үрдісінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.