Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің қорытындысы бойынша арнайы жиналыс өткізіп, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
Мемлекет басшысы халықаралық саммитке жоғары деңгейде дайындық жүргізген Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке және өңір тұрғындарына алғыс айтты.
Президенттің сөзінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан түркі әлемінің рухани орталығы әрі халықаралық мәдени-гуманитарлық ықпалдастық алаңы ретінде өз әлеуетін көрсетті.
Шет мемлекеттердің басшылары мен саммит қонақтары қаладағы жол сапасын, көшелер мен саябақтардың тазалығын, көгалдандыру деңгейін жоғары бағалаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс және қала әкімдігіне көне Түркістанды дамыту мен абаттандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Президент Түркістанды еліміздің ғана емес, тұтас түркі дүниесінің жауһары ретінде атады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы саммитті ұйымдастыруға үлес қосқан әкімдік қызметкерлерін, әскери және құқық қорғау органдарының өкілдерін, коммуналдық қызмет мамандарын, еріктілер мен белсенді азаматтарды мемлекеттік наградалармен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.