Түркістандағы Азия чемпионаты: Қазақстандық ескекшілер 6 алтын медаль еншіледі

Түркістандағы құрлық чемпионаты 7 маусымға дейін жалғасады.

 Ескек есу түрлерінен Қазақстан Ұлттық федерациясы Бүгiн 2026, 21:19
Бүгiн 2026, 21:19
159
Фото: Ескек есу түрлерінен Қазақстан Ұлттық федерациясы

Түркістанда өтіп жатқан байдарка мен каноэде есуден жастар (U23) және жасөспірімдер (U18) арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жарыстың екінші күнінде 13 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 6 алтын, 6 күміс және 1 қола жүлде бар.

U23 санатында Стелла Суханова екі мәрте Азия чемпионы атанып, байдаркамен 1000 және 200 метр қашықтықтарда топ жарды. Сондай-ақ Дмитрий Холмогоров (байдарка, 1000 м) мен Сұлтан Шарапиев (каноэ, 200 м) алтын медаль иеленді.

Күміс жүлделерді Полат Төребеков (каноэ, 1000 м), Мария Бровкова (каноэ, 1000 м) және Ульяна Киселёва (каноэ, 200 м) жеңіп алды.

U18 санатында Тимофей Таранов (байдарка, 200 м) мен Эвелина Костенко (байдарка, 200 м) чемпион атанды. Сонымен қатар Тимофей Таранов 1000 метр қашықтықта күміс медальға қол жеткізді. Күміс жүлдені Богдан Носиков (каноэ, 1000 м) пен Ксения Сломинская (каноэ, 200 м) да иеленді.

Қазақстан қоржынына жалғыз қола жүлдені Анна Емельяненко (байдарка, 1000 м) салды.

Айта кетейік, Түркістандағы құрлық чемпионаты 7 маусымға дейін жалғасады.

Наверх