Түркістан облысында терапевт Даун синдромына шалдыққан жасөспірімді еденде сүйреген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желіде тарап, көпшілікті дүр сілкіндірген бейнежазба қазақстандықтар арасында наразылық тудырды.
Онда ер адам жасөспірімді аяғынан сүйреп, күш қолданып, бұрышқа отырғызады.
Оқиға Сарыағаш қаласындағы ерекше балалар тәрбиеленетін жекеменшік түзету орталықтарының бірінде болған.
Түркістан облысының білім басқармасы бейнематериалда көрсетілген жағдайды назарға алып, тиісті зерделеу жұмыстарын жүргізді. Оқиға жекеменшік коррекциялық орталықта орын алған. Бейнематериалдағы ер адам – мұғалім емес, арт-терапевт маманы. Ол орталық тарапынан жұмыстан босатылды. Бүгінде балаға қажетті психологиялық қолдау көрсетілді. Қазір баланың жағдайы жақсы, тұрақты сабаққа қатысып жүргенін мәлімдейміз, - деп жауап берді облыстық Білім басқармасы редакцияның сауалына.
Зардап шеккен 13 жастағы жасөспірім Даун синдромына шалдыққан.
Ал полиция оқиға ҚР Қылмыстық кодекстің 140-бабы "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша тіркеліп, тексеріліп жатқанын айтты.
Ведомствоның айтуынша, балаға психологиялық қолдау көрсетілуде.