Түркістанда "Ромео мен Джульетта" спектаклінің премьерасы өтті

4 Мамыр 2024, 16:50
665
Бөлісу:
Түркістанда "Ромео мен Джульетта" спектаклінің премьерасы өтті
Фото: Түркістан музыкалық драма театры

Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында өлмейтін махаббат тақырыбы, яғни Уильям Шекспирдің әйгілі "Ромео мен Джульетта" спектаклінің премьерасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәңгілік махаббат дастаны, әлемдік классиканың жауһар жақұттарының бірі У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиялық спектаклі Түркістан музыкалық драма театрының киелі сахнасынан орын алды. Бұл театр репертуарына қосылған классикалық шығарма. Аталмыш туындыны аударған Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев. Қойылым режиссері – бірнеше халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің лауреаты, 30-дан астам спектакль режиссері Дина Жұмабаева.

Дина Жұмабаева осы уақытқа дейін Қазақстан театрларының сахнасында У.Шекспирдің “Ромео мен Джульетта” спектаклін 3 рет сахналаған. Әрбір қойылым стилі бір-бірін қайталамайды. Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында готика стилінде сахналанды.

Спектакльдің негізгі идеясы Абайдың «Махаббатсыз - дүние бос» деген ұғымымен үндес. Басты кейіпкерлердің махаббатты бәрінен биік қойып, өздерін сол жолда құрбан етуі соның дәлелі. Оған қоса автор қос ғашықтың сезімін қорғауда көрсеткен жанкештілігінің ежелден ерген дұшпандықты да, қоғамдағы шектеулерді де жеңе алатынын көрсетеді.

Түркістан музыкалық драма театрының ерекшелігіне сай спектакльде заманауи сценография қолданылды. Оған қоса хореографиялық композициялармен көркемдеу, жаңа әуен, танымал таланттар мен жас театрдың беделді артистерінің ерекше ойыны, бәрі-бәрі «жаңа театр» стилінде. Айта кетейік, спектакльде басты рөлдерді театрдың төл актерлері сомдады.

Басты рөлдерде Түркістан музыкалық драма театрының жас актерлері: Ромео – Данияс Нұрқабден, Мұзафар Ғалымжанұлы; Джульетта – Ақбөпе Жеңісбек, Нұрай Сайлаубаева. Сондай-ақ, еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев, мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова, танымал театр және кино актері Кенжебек Башаров, "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісінің иегері Саяжан Реал Бланко, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Жұлдыз Абдукаримова.

Қоюшы суретшісі – Айнұр Есболатова, композиторы – Нұрсұлтан Төреәли, хореграфы – Мадина Мұратпекова, гримм бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова, көркемдік жетекшісі – Шынар Омарова.

У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиялық қойылымының премьерасы 2024 жылдың мамырдың 4-5 жұлдызында өтті.

Осы спектакльдің премьерасына арналған баспасөз мәслихатына қойылымның режиссері - Дина Жұмабаева, көркемдік жетекшісі - Шынар Омарова, сондай-ақ басты кейіпкерлер: Ромео - Данияс Нұрқабден, Джульетта - Ақбөпе Сабет; Медғат Өмірәлиев, Жұлдыз Әбдікәрімова, Шерхан Саматұлы қатысты.

Мен «Ромео мен Джульетта» спектаклін еліміздің әртүрлі театрларында 4 рет сахналадым. Ол спектакльдер бір-біріне ұқсамайды, бірақ олардың тақырыбы бір – өлмейтін махаббат тақырыбы. Түркістан музыкалық драма театры сахнасындағы Ромео мен Джульеттаның өз ерекшелігі бар. Сахнада декорация жоқтың қасы, минимализм, бірақ біз одан ұтылмаймыз. Қайта кейіпкер пен көрермен арасындағы байланысты берік етуге ықпалын тигізеді. Спектакльдің басындағы балғын 14 жасар Джульеттаның образы көрерменнің көз алдында есейген, өмірден соққы жеген жанға айналады, – деді Дина Жұмабаева.

Медғат Өмірәлиев көзге түскен бұл театрдың үлкен бір ерекшелігі балет труппасы болғанын айтады.

Расында бұл менің өнер жолындағы өзге өңірлік театрға шақыртумен келіп жасап жатқан алғашқы жұмысым. Бұл маған үлкен тәжірибе болды. Жұмыс барысында көзге түскен бұл театрдың үлкен бір ерекшелігі балет труппасы болды. Алдағы уақытта Ақтау театрына (Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры) барғаннан кейін біз де балет труппасын ашсақ деген ұсынысты алға тартамын, - деді Монтекки рөлін сомдайтын Медғат Өмірәлиев.

Шынар Жұмаханқызы «Ромео мен Джульетта» спектаклін көрермен қанша көрсе де жалықпайтынын айтады.

Бұл қаншама ғасырлар бойы сахнада да, кинода да қойылып жүрген өлмейтін махаббат тақырыбындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклін көрермен қанша көрсе де жалықпайды. 3 жыл бұрын эксперименталды театр болып ашылып, 25 жас шамасындағы жастарды жинаған едік. Міне, 3 жылдың ішінде әртістеріміз талай тарланнан тәжірибе алып, тай күнінен бапталған жастарымыздың үлкен сахнаға шығатын кезі келді. Сондықтан күрделілігіне қарамай басты рөлді өзіміздің театр әртістері сомдайды. Біз классикаға енді келіп жатырмыз, осы уақытқа дейін қаланың мәдениетін қалыптастыру үшін қаншама тер төктік. Міне, енді біз де көрерменді тартуға дайынбыз, түркістандық көрермен де бізді қабылдауға дайын деген сенімдемін», - деді Шынар Жұмаханқызы.

Өзгелердің жаңалығы