Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Орталық Азия жоғары білім кеңістігі: өңірлік ынтымақтастық, өңірлік реформалар» атты Орталық Азия елдеріндегі Білім министрлерінің конференциясында белгілі болды.
Конференцияға Орта Азия елдерінің білім министрлері мен Еуропа ұйымдарының - Еуропалық одақтың, Еуропа Кеңесінің, Еуропалық Комиссияның, Болон процесінің бақылау тобының, Эразмустың өкілдері қатысты. Конференцияның мақсаты - Орталық Азия елдерінің жоғары білім беру жүйесін Болон процесі принциптеріне жақындату.
Құрметті конференцияға қатысушылар! Өздеріңізбен Рухани астанада кездесіп отырмыз. Елбасымыз Н.Назарбаев және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білімнің сапалы әрі жаңа әріптестік даму жолын іздеуді айтқан болатын. Қазақстан 2010 жылы Болон процесіне ең бірінші болып енген мемлекет. Биыл осы процесте екенімізге 11 жыл болды. Жоғары білім беру жүйесіне бакалавр,магистратура,PhD докторантура бойынша үш деңгейдегі кадрлар дайындау моделі енгізілген. Осы он жыл ішінде бағдарламаны жүзеге асыру аясында 17 мыңнан астам қазақстандық студент шетелдік-әріптестік жоғары оқу орындарында білім алып келді. 2011 жылы академиялық жұмылдырылған магистранттар саны 350- ді құраса, 2020 жылы саны 1373 адамға жетті,- деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Білім министрінің айтуынша елімізде 2016 жылдан бері жоғары білім алып оқыған шетелдіктердің саны 2020 жылға дейін 28163-ке жеткен. Пандемияға байланысты өзге елдің қатысушылары онлайн түрде өз ойларын бөлісті. Олар өңірдегі жоғары білім беру жүйесін дамытуды талқылады. Сондай-ақ зияткерлік және ғылыми әлеуетін біріктіру мақсатында білім беру жүйелерін жақындастыру және үндестіру мәселесін келісті.
Конференция барысында Болон QS-2022 үздік әлем университеттерінің рейтингінде 14 қазақстандық жоғары оқу орны бар екені белгілі болды.
Сондай-ақ өткен жылы ЖОО-лар 300-ден астам халықаралық жобаға қатысты. ЕС Эразмус жобасы шеңберінде соңғы үш жылда еліміздің жоғары оқу орындарынан 2207 студент оқудан өтсе,61 оқытушы біліктілігін жоғарылатқан. Конференция Түркістан Декларациясын қабылдаумен аяқталды.
Декларацияда білім министрлері Орта Азиялық жоғары білім беру кеңістігін (ОАЖББК) құру туралы жариялады. ОАЖББК өзекті мәселелерді шешу және бүкіл әлемде жоғары білім мен ғылымды дамытудың жаһандық процесіне жәрдемдесу үшін Орталық Азия өңірінің жоғары оқу орындарының ғылыми, зияткерлік, шығармашылық әлеуетін біріктіруге ықпал ететін болады.
Орталық Азия елдерінің білім министрлері ұлтына, жасына, әлеуметтік жағдайына қарамастан инклюзивтіліктің, инновация және өзара байланыстылықтың демократиялық қағидаттары негізінде жоғары білімнің бірыңғай кеңістігін құруға өздерінің бейілділіктерін растады. Жоғары білім беру жүйесін жақындастыру мен үндестіру азаматтардың еңбек және білім беру көші-қонының өсуі кезінде біліктілікті тану процестерін жеңілдетеді.