Түркістанда «Оқуға құштар мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда

13 Шілде 2022, 15:23
4399
Бөлісу:
Түркістанда «Оқуға құштар мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жас ұрпақ білімді болса елдің келешегін көркейтіп, еліміздің еңбек нарығын алға сүйрей түсері сөзсіз. Ол үшін өскелең ұрпаққа сапалы білім берілуі тиіс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында арнайы тапсырма беріп, отыз таңдаулы кітапты ұсынған болатын. Осы мақсатта Түркістан облысы әкімдігі 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасының іс-шаралар жоспарын бекітті. 

Жоба – кітап оқудың мәртебесін, оның белсенділігі мен сапасын арттыру, балалардың мәдени және құзыреттілігін дамыту, жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды көздейді. 

Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы Бақытжан Төлімбеттің айтуынша, облыстағы аудандық және қалалық білім беру ұйымдарында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кел, балалар, оқылық!» кітапханашылар клубы құрылған.

«Педагогтер мен ата-аналардың белсенділігін арттыру мақсатында семинар-кеңестер өткізіліп, әдістемелік көмектер көрсетіліп, «Ең үздік кітап оқитын мектеп» атты байқауды ұйымдастыру қолға алынды. Бұдан бөлек, оқу мәдениетін қалыптастыру мен оқу сауаттылығын арттыру үшін мектеп кітапханаларында «Оқу сағаты», яғни әр оқушы білім ордасына келген сәтте 20 минут көркем әдебиет оқытып, оның қызығушылығын ояту. Бастауыш сыныптармен «Біз кітапханадамыз» оқу сағаты, ал 4-сыныптар арасында «Мен оқыған ертегі» челлендждер мен көптеген игі іс-шаралар атқарылып келеді», - деді  Бақытжан Нұрмаханбетұлы. 

Түркістанда «Оқуға құштар мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда

Жоба аясында кітапханалар жаңа цифрлық кеңістікке де бет бұрған. Осы орайда, E-KITAPHANA мектеп оқырманына арналған бұлтты сервисін облысқа ендіру жұмыстары басталды. E-KITAPHANA цифрлы жүйесі облыстағы барлық білім беру ұйымдарындағы оқулықтар мен көркем әдебиеттердің электронды базасын құрады. 

Түркістанда «Оқуға құштар мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда

Сонымен қатар, «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» ұлттық жобасы аясында «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің «KitapХАН@» кітап оқу инновациялық  жобасы 2021-22 оқу жылында бастау алды. 

«KitapХАН@» кітап оқу жарысының мақсаты – оқу мәртебесін, оқу белсенділігі мен оқу сапасын арттыру, жалпы педагогтердің мәдени және оқу құзіреттілігін дамыту, шығармашылық әлеуетін арттыру. Жобаға «Болат Өтемұратов» қоры, «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Steppe World» баспалары серіктестік етеді. 

«Кітап оқу жарыс жобасы апта сайын Zoom платформасында фейсбук желісіне тікелей қосыла отырып өтеді. Оқырмандар тарапынан өте жоғары деңгейде қызығушылық бар. Мамыр айында жылдық қорытынды сайыс ұйымдастырылып, қатысушы үміткерлерге облыстық кәсіподақ ұйымының демеушілігімен жеңімпаздар мен барша қатысушыларға құнды сыйлықтар табыс етілді. Нәтижесінде педагогтер мен оқушылар арасынан «KitapХАН@» кітап оқу  жарысында Созақ ауданы, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің қатысушылары жеңімпаз атанды. Ескере кететін жайт, келесі жаңа оқу жылында кітап оқуға жалпы ата-аналарды да қатысуға шақырамыз деген жоспарымыз бар», - дейді Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы Б.Төлімбет. 

Түркістанда «Оқуға құштар мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда

Жалпы жоба бойынша мектеп кітапханаларын жаңалап, кітапты көбейту мақсатында 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне байланысты «Кітапханаға кітап сыйла!» атты акциясы бастау алып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Акцияға білім бөлімінің басшылары, жалпы білім саласының байырғы және қазіргі қызметкерлері, түлектер өздері оқыған білім ошағының кітапханаларына тұрақты пайдалануы үшін көркем әдебиеттер тарту етуде. 

Түркістанда «Оқуға құштар мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда

Сонымен қатар, аймақтағы мектептердің кітапхана мамандарымен WhatsApp желісі арқылы аталған жоба негізінде сауалнамалар алынып, әртүрлі тапсырмалар беріледі. Кітапхана мамандарының да кітап оқу мәдениетінің терең қалыптасуына оң ықпалын тигізетін онлайн сабақтар жүзеге асырылып жатыр. 

«Облыста жаңашыл кітапхана құруға деген басты қадамдар жасалынды. Айталық, облыстың аудандарындағы Coworkink орталықтар жаңа жиһаздармен, цифрлық ресурстармен, электронды кітаптармен және көркем әдебиеттермен толықтырылған. Интернет желісін күшейту де қарастырылуда. Облыстағы аудандар яғни Төлебиде – 5, Түлкібаста – 3, Келесте – 8, Мақтааралда – 12, Ордабасы – 7, Отырарда – 3, Сайрамда – 1, Шардарада – 2  Coworkink орталығы бар», - дейді Бақытжан Төлімбет.

Түркістанда «Оқуға құштар мектеп» жобасы қарқынды жүзеге асырылуда

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстағы 41 білім беру ұйымының кітапханасы Coworkink орталықтарына бейімделіп жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта барлық аудандарда аталған орталықтарды ашу жоспарланып отыр.            

 

Өзгелердің жаңалығы