Түркістанда онкологтар мен радиологтар бас қосты

14 Қазан 2021, 21:37
5961
Бөлісу:
Түркістанда онкологтар мен радиологтар бас қосты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында Қазақстан онкологтары мен радиологтарының VIII съезі басталды. Ашылу салтанатына онлайн режимде  Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қатысты. 

Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімінің орынбасары Арман Сабитов , Түркістан облыстық  қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов, ҚР ДСМ бас онкологы, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ Басқарма Төрайымы Диляра Қайдарова, Американдық-Еуразиялық қатерлі ісікке қарсы Альянстың атқарушы директоры Sophia Michelson қатысты.

Маңызды шараға Франция, Испания, АҚШ, Түркия, Корея, Грузия, Ресей, Украина және ТМД елдерінің жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарының ғалымдары мен тәжірибелі онколог-мамандары қатысуда. Сонымен қатар, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ мамандары шетелдік хирургтармен бірлесіп онкогинекология, маммология, торакалды онкология бойынша тікелей шеберлік-сағаттар (live surgery) өткізеді. 

Мен Түркістан қаласында өтіп жатқан Қазақстан онкологтары мен радиологтарының VIII съезінің медициналық қоғамдастық үшін маңызды оқиға болатынына, жасалған ұсынымдар мен ұсыныстар іс жүзінде сұранысқа ие болатынына және онкологиялық көмекті жетілдіруге қосымша серпін беретініне сенімдімін,- деді басқосуда сөз алған Түркістан облысының әкімінің орынбасары Арман Сабитов.

Халықаралық қатысушылардың қатысуымен Қазақстанның онкологтары мен радиологтарының VIII съезі   гибридті форматта - офлайн және онлайн түрде өтуде. Съезд бағдарламасы заманауи онкологияның өзекті мәселелерінің кең ауқымын қамтиды. 

Атап айтсақ,  онкологиялық қызметті ұйымдастыру, онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте диагностикалау, ісіктердің молекулалық биологиялық ерекшеліктері, сәулелік диагностика, хирургияның заманауи жетістіктері (торакальды онкология, сүт бездерінің ісіктері, онкоурология, онкогинекология, бас және мойын ісіктері, сүйек және жұмсақ тіндердің ісіктері, колоректальды қатерлі ісік, балалар онкологиясы, нейроонкология), дербестендірілген терапияның инновациялық әдістері, сәулелік терапия мен таргеттік терапияның жоғары технологиялық әдістері, патоморфологияның заманауи принциптері, онкологиялық науқастарға оңалту және паллиативтік көмек көрсету мәселелері, скринингтік бағдарламаларды іске асыру, қатерлі ісіктердің дамуы мен эволюциясындағы ғылыми жаңалықтар және т.б.

Өзгелердің жаңалығы