Түркістанда Наурыз мейрамы 10 күн тойланады

10 Наурыз 2023, 17:00
2545
Бөлісу:
Түркістанда Наурыз мейрамы 10 күн тойланады
Фото: Otyrar.tv

Түркістанда Ұлыстың Ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар 11 Наурызда басталады, деп хабарлайды,  BAQ.KZ тілшісі. 

Жер-дүниенің жаңарып,  табиғат өзгеше түрге енетін көктем мезгілінің ұлы мерекесі Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы Түркістан қаласында 10 күн бойы тойланады. 11 Наурыздан басталатын мерекелік іс-шаралар 23 Наурызға дейін жалғасады. 

Атап айтқанда мерекелік шара 11 Наурыз күні «Наурыз-тазалықтың айнасы»  атты сенбіліктен бастау алады. «Әр отбасыдан – бір ағаш» тал егу акциясы өтеді. 

13 Наурыз «Наурыз – жақсылықтың жаршысы» атауымен челлендж ұйымдастырылады.

14 Наурыз күні сағат 08:00-де Түркістан қаласынан бастап барлық аудан, қала, ауылдарда мерекелік жалпыұлттық жүгіру марафоны ұйымдастырылады. Марафон «Наурыз – саулықтың кепілі» атауымен өтеді. Сондай-ақ, 14 наурыз күні сағат 11.00-де Қ.А.Ясауи кесенесінің ішінде «Берел қазыналары» атты көрменің тұсаукесері өтеді.  Сонымен қатар, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры Түркістан музыкалық драма театрында сағат 14.00 мен 19.00-де «Махаббат қызық мол жылдар» спектаклін көрермен назарына ұсынады. 

Ал 15 Наурыз күні «Наурыз – ұлттық дәстүр мен меймандостық мерекесі» атауымен таңғы 9-дан Түркістан облысының әкімдігінен бастап барлық аудан, қала, ауылдардағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері «Наурыз» мерекесіне байланысты ұлттық киім кию челленжін бастайды. Одан бөлек «Керуен сарай» кешенінде туристік маусымның ашылуы  өтеді. Іс-шара аясында қала қонақтары мен тұрғындары концерттік бағдарламалар, спорттық сайыстар, интерактивті ойындар, «Bauyrsaq fest» жарысы, әуе шарларының ұшуы, ұлттық мәдениеттен сыр шертетін керуен, «Fountain show» мен би кешін тамашалауға мүмкіндіктері бар.  

16 Наурыз  күні «Наурыз - татулықтың түпқазығы» атауымен облыстық, аудандық, қалалық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен аудан орталықтары мен ауылдарда концерттік бағдарламалар, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, түрлі байқаулар мен конкурстар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, қайырымдылық акцияларын өткізеді.

«Наурыз жаңару айы» атауымен 17 наурыз күні мектептерде концерттік бағдарламалар, одан бөлек, «Гүлдер» саябағында жас қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылады.

 20 Наурызда «Керуен Сарай» кешенінде «Наурыз –жәрмеңке» атты мемлекеттік органдар, елшіліктер, салалық басқармалар мен бірлестіктер басшыларының қатысуымен І-Халықаралық «Kazagro /Kazfood» Turkisten сауда жәрмеңкесінің  ашылуы өтеді.

«Қош келдің – әз наурыз!» 21-22  Наурыз күндері Керуен сарайда облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен «Қош келдің-әз Наурыз!»мерекелік салтанатты іс-шаралар жалғасын табады. Сондай-ақ, қолөнер шеберлері мен суретшілердің, ұлттық тағамдар көрмесі мен арнайы тігілген киіз үйлерге мерекелік дастархандар ұйымдастырылады. Одан бөлек ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. 

23 Наурыз күні  «Наурыз - мейірімділік мерекесі» атты  қайырымдылық шарасы аясында соғыс және еңбек ардагерлеріне, Батыр аналарға құрмет көрсету мақсатында ерікті жастар мен кәсіпкерлерді тарта отырып «Аға ұрпақты қастерлейік» акциясы өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы