Түркістанда карантин талабын бұзғандарға 260 млн теңгеден астам айыппұл салынған

24 Желтоқсан 2020, 05:45
1617
Бөлісу:
Түркістанда карантин талабын бұзғандарға 260 млн теңгеден астам айыппұл салынған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында коронавирусты инфекцияның алдын алу мақсатында 5 шілде мен 22 желтоқсан аралығында карантин режимі кезінде нысандарға мониторинг жұмыстарын жүргізу үшін 100-ден астам мобильді топ құрылған. Мониторингтік жұмыстардың нәтижесінде 263 229 390 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп мәлімдеді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Айдарқұл Ахметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның құрамында әкімдік қызметкерлері, кәсіпкерлік палатасы, полиция басқармасы және еріктілер бар.

Атап айтқанда, мониторингтік жұмыстардың нәтижесі бойынша 42 594 нысан тексеріліп, 5137 айыппұл салынған. Оның ішінде 30 АЕК көлемінде 4960 жеке тұлғаға (206 683 200 тг), 103 жеке кәсіпкерге (32 905 410 тг), 12 заңды тұлғаға (3 833 640 тг), 62 лауазымды тұлғаға (19 807 140 тг) хаттамалар толтырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, егер 7 күн ішінде айыппұлды өтейтін болса, 50 пайызы ғана төленеді.

Түркістан облысында бүгінгі күнге дейін жалпы 577 отбасылық мерекелік іс-шаралар тоқтатылып, әкімшілік айыппұлдар салынған. Сондай-ақ, сайлауалды көпшілік іс-шараларын жүргізуде үгіт-насихат өткізу кезінде қауіпсіздік шаралары сақталуы ләзім. Өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығына көңіл бөлгеніңіз абзал. Сондықтан, сақтық шараларын ескерусіз қалдыруға болмайды, - деді Айдарқұл Райымқұлұлы.


Өзгелердің жаңалығы