Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту мақсатында жаңа кәсіпорындар ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыста «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастап тұр.
Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов.
Бүгінде өңірде жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған.
Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.