Түркістанда алғаш рет мектепке күннен қуат алатын электр қондырғысы орнатылды

19 Мамыр 2022, 20:15
2328
Бөлісу:
Түркістанда алғаш рет мектепке күннен қуат алатын электр қондырғысы орнатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласындағы Ж.Тәшенов атындағы №23 IT лицейіне қуаттылығы 50 киловатқа тең күн электр станциясы орнатылды. Бүгін аталған жобаның ашылу салтанаты өтті. 

Оған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, «Eni» компаниясының Орталық Азия өңірі бойынша басшысы, «Аджип Каспиан Си Б.В.» компаниясының басқарушы директоры Лучано Васкес, «Arm Wind» ЖШС басқарушы директоры Алекс Стиллавато мен мектеп ұжымы, оқушылар қатысты.

Салтанатты жиында облыс әкімі жаңартылатын энергия көздерін дамыту өте маңызды екенін мәлімдеп, күн көзінен қуат алатын мектептің ерекшелігін атап өтті.

Түркістанда алғаш рет мектепке күннен қуат алатын электр қондырғысы орнатылды

Түркістанда тарихи оқиғаның куәсі болып тұрмыз десек болады. «Eni» компаниясы мен БҰҰ Даму бағдарламасы қаламыздағы мектепке күн қуатын пайдаланатын қондырғы орнатып, жұртшылыққа ұсынып отыр. Облыста демографиялық өсім жоғары. 900 мектеп бар. 2025 жылға дейін өңірде 200 білім ұясын салуды жоспарлап отырмыз. Мектеп салу басқа, оның заманауи оқу бөлмелерімен, технологиямен қамту керек. Бүгін жиналып отырған білім ұясында информатика пәні тереңдетіліп оқытылады. Бірінші рет осы мектепке күн электр қондырғысын орнатып отырмыз. Біріншіден, мектептің электр қуатына жұмсайтын шығыны едәуір азаяды, екіншіден, оқушылар жаңартылатын энергия қалай өндірілетінін өз көздерімен көріп өседі, – деді Өмірзақ Шөкеев.

«Eni» компаниясы мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы және Түркістан облысының әкімдігі қолға алған жоба аясында күн панелімен сыртқы жарықтандыру шамдары орнатылып, оқу сыныптарындағы жарықтандыру жүйесі жаңғыртылды. Арнайы жылу реттеу клапандары, энергия үнемдейтін құралдар, су құбырына есептегіштер, жарықдиодты шамдар, термореттегіштер орнатылды. Осы жобаның көмегімен 1900 оқушы білім алатын мектеп күн электр станциясының игілігін көріп жатыр.

Түркістанда алғаш рет мектепке күннен қуат алатын электр қондырғысы орнатылды

Мектепті жаңғырту жобасы шығындарды, энергия тұтынуды және көмірқышқыл газы мөлшерін қысқартады. «Жасыл» экономиканы дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға, ауаны тазартуға мүмкіндік береді. «Eni» мен БҰҰДБ осы жобаны үлгі ретінде ала отырып, елде қуат үнемдеу бағдарламаларын жалғастыруды көздеп отыр.

2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық мақсатына жету – Қазақстан үшін де, әлем елдері үшін де аса маңызды басымдық. БҰҰДБ энергетика секторындағы трансформация аясында Үкіметпен және барлық серіктеспен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті, – деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Түркістанда алғаш рет мектепке күннен қуат алатын электр қондырғысы орнатылды

Осы бастаманың арқасында мектеп көміртегі шығарындыларын азайтып, қуат үнемдеу мақсатына қол жеткізді. Қондырғының көмегімен энергия тұтынуын азайта алады, – деді «Eni»-дің Орталық Азия өңірі бойынша басшысы Лучано Васкес.

Салтанатты жиынға қатысушылар аталған мектеп оқушыларының қолынан шыққан жобалар көрмесін көріп, шағын концерттік бағдарламасын тамашалады.

Өзгелердің жаңалығы