Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасаған жас жігітті анықтады

29 Қаңтар 2021, 14:21
1349
Бөлісу:
Түркістан облысының полицейлері алаяқтық жасаған жас жігітті анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сайрам АПБ-на алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданған. Ол азаматтың айтуынша, өзінің танысы жүргізуші куәлігіне «Е» санатын қостырып беретінін айтып, алаяқтық жолмен 70 000 теңге ақшасын алған. 

Келісілген уақытта хабар келмеген соң өзі сұрамақ болып қоңырау шалған. Алайда, ол азаматтан ешқандай жауап болмаған соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Орын алған алаяқтық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Полицейлер аталмыш күдіктіні аудандық полиция бөліміне жеткізді. 

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жас жігіт жәбірленушінің сырттай танысы 1 апта ішінде жүргізуші куәлігіне «Е» санатын қосып беретінін айтып сендірген. Осылайша күдікті пайдакүнемдік ниетпен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жібергені белгілі болды. Қазіргі таңда ұсталған жас жігітке қатысты тергеу амалдары жүруде, - делінген ақпаратта.

Түркістан облысы полицейлері облыс тұрғындарына кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Азаматтарға әртүрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және ақшаларыңызды, басқа да ақпаратты бермеңіз. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер, сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 телефоны арқылы хабарласыңыз.


Өзгелердің жаңалығы