29-30 тамызда Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Түркістан облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті.
Екі күндік шараға өңірден 50 креатор қатысып, өз өнімдері мен шығармашылық жобаларын таныстырды. Жәрмеңкеге 5 200-ге жуық адам келіп, жалпы 21 млн теңгенің өнімі сатылды.
Келушілерге кәдесыйлар, зергерлік бұйымдар, ұлттық кілемдер, дизайнерлік киімдер, ат әбзелдері, домбыра, сондай-ақ киізден, ағаштан және қыштан жасалған бұйымдар ұсынылды. Сәндік паннолар, жібек орамалдар, тақиялар, көрпешелер мен сөмкелер де сатылымға шығарылды.
Іскерлік және мәдени бағдарлама аясында шеберлік сабақтары өткізіліп, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға негізделген инновациялық жобалар мен стартаптар таныстырылды. Сонымен қатар сән көрсетілімі мен концерт ұйымдастырылды.
Жәрмеңке Түркістан облысының креаторларына өнімдерін елорда тұрғындарына таныстыруға, жаңа серіктестер тауып, іскерлік байланыстар орнатуға және өз брендтерін насихаттауға мүмкіндік берді.
Creative Aimaq республикалық жобасы жалғасады. Келесі кезекте Астанада Жамбыл облысының креаторлары өз өнімдері мен жобаларын таныстырады.