Қазақстан мен БҰҰ қылмысқа қарсы ынтымақтастықты күшейтеді

Қатысушылар 2017 жылдан бері Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында жасалған Меморандум негізінде жүзеге асырылып келе жатқан тиімді әрі мазмұнды ынтымақтастықты қанағаттанушылықпен атап өтті.

 Бас прокуратура 29 Тамыз 2026, 12:34
29 Тамыз 2026, 12:34
153
Фото: Бас прокуратура
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Асхат Жұмағали Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) өңірлік өкілі Оливер Штольпемен кездесу өткізді.

Қатысушылар 2017 жылдан бері Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында жасалған Меморандум негізінде жүзеге асырылып келе жатқан тиімді әрі мазмұнды ынтымақтастықты қанағаттанушылықпен атап өтті.

Осы кезеңде терроризм мен экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы, адам саудасы, қылмыстық кірістерді жылыстату және киберқылмыс сияқты қылмыстың өзекті түрлерін анықтау, алдын алу және тергеп-тексеру мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимыл қалыптасты.

Осы әріптестік шеңберінде Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының базасында Орталық Азиядағы жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл жөніндегі Өңірлік хабы құрылды.

Осы уақыт ішінде кадрларды даярлау және өңірлік бастамаларды іске асыру бойынша тұрақты өзара іс-қимыл тетігі қалыптасты. БҰҰ ЕҚБ қолдауымен 150-ден астам оқу іс-шарасы өткізілді, оның барысында ТМД елдерінің 4,5 мыңнан астам құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігі арттырылды.

Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің базасында жұмыс істейтін Таргетинг-орталығының қызметі бойынша өзара іс-қимылға жеке назар аударылды.

Орталықтың жұмысы есірткі, прекурсорлар мен жаңа психобелсенді заттардың заңсыз айналымына, сондай-ақ олармен байланысты трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылды қамтиды. Ынтымақтастық шеңберінде Орталық өкілдерінің халықаралық кеңестер мен тренингтерге қатысуы қамтамасыз етіліп, ақпарат алмасу жүзеге асырылады және БҰҰ-ның Есірткіні бақылау жөніндегі халықаралық комитетінің мамандандырылған электрондық платформалары пайдаланылады.

Жаңа сын-қатерлер тұрғысынан тараптар киберқылмысқа, оның ішінде интернет-алаяқтық пен интернет-наркобизнеске қарсы бірлескен күш-жігерді талқылады.

Осы мақсатта Бас прокуратураның Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығының жасанды интеллектіні пайдалана отырып қылмыстық тәуекелдерді ерте анықтау және алдын алу әлеуетін пайдалану жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазақстандық тергеушілер мен прокурорлардың цифрлық технологиялар саласындағы кәсіби дағдыларын, оның ішінде цифрлық дәлелдемелермен, криптоактивтермен және талдамалық құралдармен жұмыс істеу дағдыларын одан әрі дамыту қажеттігін ескере отырып, тараптар Академия базасында құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлау бойынша бірлескен ведомствоаралық оқу-талдау орталығын құру мүмкіндігін пысықтауға уағдаласты, – делінген хабарламада. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық білдіретін барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайту және дамыту жөніндегі одан арғы қадамдарды белгіледі.

Наверх