Түркістан облысында жоғалған зейнеткердің мәйіті табылды

9 Қаңтар 2023, 12:22
760
Бөлісу:
Түркістан облысында жоғалған зейнеткердің мәйіті табылды

Түркістан облысында жоғалған қарияның мәйіті егістіктен табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Айта кетсек, бұған дейін Қызылту ауылының тұрғыны, 1946 жылы туған Молдабек Игенбаев 5 қаңтарда үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмағаны туралы хабарланған болатын. Арыз полиция бөліміне 6 қаңтарда тіркеліп, қарияның жүрген жерін анықтауға бағытталған барлық қажетті іздестіру шаралары жүргізілді.

Іздеуге полицейлер мен еріктілер, атты ауыл тұрғындары атсалысты. Іздеуге жұмылдырылған тәртіп сақшылады әрбір үй, дүкен, адамдар көп шоғырланатын аймақтарда жоғалған егде жастағы қарияның суретін көрсету арқылы сұрастыру жұмыстарын атқарды. 

Сонымен қатар қараусыз қалған ғимараттар, оқиға орнына жақын аумақтағы тау-тас, ой-қыр, егістік алқаптары түгел қаралып, жіті тексерілді. Хабарсыз кеткен тұрғынды аман-есен табу мақсатында полицейлермен бірге ауыл тұрғындары және еріктілер де үздіксіз, күні-түні іздеу жұмыстарын жүргізді. Қолданылған шараларға қарамастан, өкінішке орай жоғалған ер адамның мәйіті 8 қаңтарда сағат 17:00 шамасында “Шүрен төбе” егістік алқабынан табылды. 

Яғни, егістік алқапта сақшылармен бірге жүрген екі ауыл тұрғыны бірінші болып мәйітті байқаған. Ер адамның денесін сырттай қарау барысында ешқандай зорлық-зомбылық белгілері анықталмады. Қазіргі таңда сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы