Түркістан облысында суармалы жерлерді таратып жіберген шенділер жауапқа тартылады

9 Тамыз 2023, 16:01
514
Бөлісу:
Түркістан облысында суармалы жерлерді таратып жіберген шенділер жауапқа тартылады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданы тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Соңғы 4 жылда 98 га жер жаңа үйлер салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып, 705 жеке тұрғын үй бой көтерді. Биыл 22 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 9 нысаны биыл тапсырылса, қалған 13-інің құрылысы 2024 жылға өтпеді, - деді өңір басшысы.

Дархан Сатыбалдының айтуынша, Түркістан маңайында, Сайрам жақта, Шымкент маңайында орналасқан елді мекендерде жеке тұрғын үйлерді салуға жерді заңсыз бөліп жібергендер бар.

Бірақ құжат бойынша оны кейбір округ әкімдері әдейі не білмей жасаған болар. Тіпті ауылшаруашылық жерлерін бөліп жіберген фактілер де бар. Осындай әрекет жасаған ауыл не аудан әкімдері туралы ақпаратты құзырлы органдарға беріп, тиісті шара қабылдаймыз. Заңсыз ешқандай әрекет жасауға болмайды. Кейбір ауылдарда суармалы жерлерді 8-10 сотықтан бөліп, жеке тұрғын үйге бөліп, таратып жібергендер де бар екенін естіп жатырмын. Мұндай заңсыз тірліктердің бәрі тоқтайды, оларды жасаған адамдар жауапкершілікке тартылады, - деп түсіндірді әкім халықпен кездесуде.

Өзгелердің жаңалығы