Түркістан облысында оттегі нүктелерінің саны 10 есеге артқан

16 Қаңтар 2021, 06:27
1156
Бөлісу:
Түркістан облысында оттегі нүктелерінің саны 10 есеге артқан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірдегі өкпенің жасанды желдету қондырғыларының саны 50%-ға дейін өсті. Оттегі станциясының саны үш есеге артты. Сонымен қатар, жаңадан 80 оттегі құралы (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі концентраторларының саны 95%-ға өскен. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Оттегі нүктелерінің саны 10 есеге өсіп, 205-тен 2095-ке дейін көбейді. Түркістан облысында коронавирус жұқтырған 114 науқас ем қабылдап жатыр. Пандемия басталғалы 3837 коронавирус инфекциясы тіркелді, оның 2393-і симптомсыз, 1642-сі стационарлық ем қабылдады. Жалпы Түркістан облысындағы эпидемиологиялық жағдай қалыпты, өңір «жасыл» аймақта.

Қазіргі таңда елімізде коронавирус жұқтырғандардың арасында клиникалық белгілері жоқ науқастар саны артқан. Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының инфекционист дәрігері Зарипа Амангелдіқызы коронавирус белгілері жоқ, алайда диагнозы расталған тұрғындарға жедел жәрдем шақырмай, call-орталыққа хабарласуды ұсынды.

COVID-19-ды жұқтырған уақыттан бастап, клиникалық белгілердің пайда болуы арасындағы кезеңнің ұзақтығы 5-6 күн, бірақ 1 күннен 14 күнге дейінгі аралықта болуы ықтимал. Талдау нәтижесі оң болып, аурудың ешқандай белгісі байқалмаса, үйден шықпай-ақ тіркелген жер бойынша емханаға қоңырау шалу қажет. Нәтижесі оң болған жағдайда және аурудың ешқандай белгісі болмаса, тіркелген жері бойынша емханаға үйден шықпай-ақ қоңырау шалуы қажет. Сонымен қатар, 103 нөміріне Сall-орталыққа жүгінуге болады. Науқасты ауруханаға жатқызу емхана деңгейінде шешіледі, - деді инфекционист дәрігер Зарипа Амангелдіқызы.

Оның айтуынша, науқас амбулаториялық жағдайда бақылауға алынса, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бригадасы күн сайын екі рет телефон арқылы хабарласып, жай-күйін біліп, дене қызуын бақылап, сырқат бойынша шағымын анықтайды. Қажет болған жағдайда үш күнде бір рет видеоконсультация жүргізіледі. Аурудың белгілері жоқ науқастарды бақылау өзін-өзі оқшаулаудың 10-күнінде ПТР тексерісінен кейін немесе ПТР тексеруінсіз 14-күні аяқталады.

Түркістан облысында тұрақты негізде облыста коронавирустық инфекциясы бар науқастарды емдеуге жатқызу үшін мыңға жуық инфекциялық және карантиндік төсек ұйымдастырылды. Мемлекеттік ПТР зертханаларының саны 3 есеге көбейтілді. Пандемия басталғаннан бері 400 мыңға жуық адам ПТР зертханаларында тексерілді. Аймақта орта есеппен күніне 3000 сынақ жүргізіледі.


Өзгелердің жаңалығы