Түркістан облысында карантин талаптары қатаңдатылды

15 Сәуір 2021, 15:21
1535
Бөлісу:
Түркістан облысында карантин талаптары қатаңдатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында жаңа Қаулыға сәйкес, барлық мемлекеттік мекемелердің кеңселік қызметкерлері 50% қашықтықтан жұмыс істеуге ауысады. Сондай-ақ, бұған дейін рұқсат берілген жұма және тарауих намаздары уақытша тоқтатылып, еске алу, ауызашар сынды отбасылық іс-шараларға тыйым салынады. Бұл туралы брифингте облыстың бас санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.


Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану орындарына жұмыс және демалыс күндері сағат 09.00-ден 22.00-ге дейін қызмет көрсетуге рұқсат берілді. Ғимараттың іші 50%-ға дейін ғана толтырылуы тиіс.
Жаңа Қаулы бойынша облыстағы барлық спорттық іс-шаралар тоқтатылады. Бильярд, боулинг, компьютерлік клубтардың қызметіне, ойын-сауық орталықтарындағы балалардың ойын алаңшаларына, аттракциондардың жұмысына тыйым салынады. Ал театрларда бұған дейін көрермендердің толымдылығы 50%-ға дейін қызмет көрсетіп келсе, енді 20% толымдылықта қызмет көрсетеді, - деді Нұрбек Садықбекұлы.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан облыстың бас дәрігері Марат Пашимов осы жылдың 14 сәуір күні бір тәулікте «COVID-19» індетін жұқтырған 28 жағдай тіркелгендігін айтты.
Осы жылдың 8-14 сәуір аралығында коронавирустық инфекциясымен 169 жағдай тіркеліп, аурушаңдық алдыңғы аптамен салыстырғанда 45-ке жоғарылап отыр. Облыс бойынша 610 инфекциялық және 300 карантиндік төсек-орын ұйымдастырылған. Бүгінгі таңда инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі – 60,8%, ал карантиндік төсек-орындарының жүктемесі – 16%. «Спутник V» екпесінің облысқа жалпы 43 400 дозасы жеткізілді. Бүгінгі күнге дейін – 39 840 адам 1-компонентін қабылдады. Сонымен қатар, 22 ақпаннан бастап ревакцинация өткізілуде, оның 12 700 данасынан барлығы 11 665 адамға екпе салынды, - деді Марат Орынбасарұлы.

Түркістан облысында сәуір айынан бастап жалпыхалықтық ерікті түрде екпе салдыру жұмыстары басталды. Алгоритмге сәйкес, қала және аудан тұрғындары екпені жергілікті емханалардың егу кабинеттерінде жоспарланған тізім бойынша және алдын-ала жазылу тәсілі бойынша салдырады.

Сондай-ақ, вакцинация - жылжымалы пункттерде жүргізіледі. Сонымен қатар, тұрғындар алдын-ала «Egov» электрондық жүйесі арқылы тіркеліп, ерікті түрде екпе салдыра алады. Түркістан қаласында жалпы 10 вакцинациялау пункттері ұйымдастырылған. Көшпелі егу бригадалардың саны - 20.


Өзгелердің жаңалығы