Түркістан облысында 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі

21 Наурыз 2023, 09:00
1044
Бөлісу:
Түркістан облысында 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі
Фото: khabar.kz

Биыл Түркістан облысында 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазір өңірде көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Көктемнің әр күні - жылға азық» екенін жақсы білетін шаруалар жер жыртып, егін салуға кірісіп кеткен. Түлкібастық диқандар биыл қанша гектар алқапқа дән сеппек? 

Жердің жағдайын жақсы білетін диқандар биыл топырақта ылғал көп екенін айтады. Бұл себілген дәннің тез тамырланып, өсіп жетілуі үшін өте пайдалы. Топырақ жұмсақ болғандықтан техникалар да тоқтаусыз жұмыс істеуде. Бірнеше жылдан бері егіншілікпен айналысатын Досбол Тілепбергеновтің 200 гектар жері бар. Шаруа оның 70 гектарына былтыр күздік бидай сепкен. Биыл 40 гектарға арпа, қалғанына мақсары мен жоңышқаның тұқымын егуді жоспарлап отыр.

Шаруа қожалықта екі касемсот, үш тракторымыз бар. Одан бөлек екі тұқым себетін техникамыз бар. Онымен мақсары егуге шығып жатырмыз. Ауданнан көктемгі егіс жұмыстарына арзандатылған жанармай беріліп қойды. Өзіміздің тұқым жетпейді, сондықтан біз басқа аудандардан сатып аламыз оны, – дейді шаруа Досбол Тілепбергенов.

Түлкібас ауданында 65 мың гектарға жуық егістік алқап бар. Биыл соның 29 мыңына жоңышқа, 10 мыңына мақсары, 8 мыңына арпа егілмек. Ал жаздық бидайдың тұқымы 2,5 мың гектарға себіледі деп көзделуде. Одан бөлек, 1500 гектарға көкөніс, 1200 гектар жерге картоп тұқымы егілмек. Қалғанына мал азығы дақылдары себіледі деп жоспарлануда. Ол үшін мемлекет шаруаларға жеңілдетілген бағамен 3 мың тонна жанар жағармай бөлген.

Оны 4 айға реттеп, айма-ай 201 теңге мен 204 теңге арасында алып жатыр. Шаруалар көктемгі жұмысқа толыққанды дайын. Техникалары да, егілетін тұқым түрлерін де, дәнді дақылдарын да бәрін дайындап отыр. Ауа райы жақсы болып тұрғандықтан шаруалар бірден жұмысқа кірісіп кетті, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жәнібек Керімқұлов.

Егістікті әртараптандыруға сәйкес, 317 мың гектарға дәнді және бұршақ дақылдары, 225 мың гектарға мал азығы, 126 мың тектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілмек. Өңірде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 48 мың тонна жанармай қаралған.

Өзгелердің жаңалығы